Рэпер Qurt-тың басы тағы да дауға қалды: Полиция қылмыстық іс қозғады
Алматы полициясы қаладағы дәмханалардың бірінің маңында ер адамның соққыға жығылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Әлеуметтік желілерде оқиғаға қазақстандық рэпер Qurt, яғни Дамир Қойшыбаевтың қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алматы полициясы қаладағы дәмханалардың бірінің маңында ер адамның соққыға жығылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Әлеуметтік желілерде оқиғаға қазақстандық рэпер Qurt, яғни Дамир Қойшыбаевтың қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Алматы қалалық полиция департаменті Медеу ауданында қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Барлық қатысушылардың жеке басы анықталды. Оларды ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Тергеу жалғасуда. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.
Полиция рэпер Qurt-тың іс бойынша нақты процессуалдық мәртебесін хабарлаған жоқ.
Оқиға туралы ақпарат 3 қыркүйекте әлеуметтік желілерде жарияланды. Жазба авторының мәліметінше, жанжал 30 тамыздан 31 тамызға қараған түні Алматыдағы барлардың бірінде болған.
Жазбада зардап шеккен ер адамның шешендік өнер курсының оқушысы болғаны айтылған. Кешке курс жетекшісімен бірге шамамен 10 оқушы барған. Зардап шеккен азамат сол жерде таныстарымен отырған, ал Qurt өз таныстарымен болған. Автордың айтуынша, екі тарап бұған дейін бір-бірін танымеген.
Әлеуметтік желідегі жазбада жанжал ер адамның бұйра шашына қатысты әзілден кейін басталғаны айтылған. Жазба авторы жәбірленуші мен куәгерлердің сөзін негізге алып, Qurt оған екі рет келіп, жанжал шығарғанын мәлімдеген.
Автордың айтуынша, кейін жанжал көшеде жалғасып, төбелеске ұласқан.
«Жәбірленуші не болып жатқанын, тіпті мәселенің неде екенін түсініп үлгермеген. Ол шабуыл болады деп күтпеген. Qurt оны ұрып, шалқасынан асфальтқа құлатып, ұруын жалғастырған. Кейін шыны бөтелкені сындырып, оны мойын тұсына сұғып алуға тырысқан», – делінген жазбада.
Жазба авторының мәліметінше, ер адам соққыдан жалтарып үлгергенімен, шыны сынығы оның бетіне тиген. Соның салдарынан ер адамның ерніне тігіс салынған. Сондай-ақ автор оның миы шайқалып, денесінде көгеру мен кесілген жарақаттар болғанын жазған.
«Қазір жәбірленуші ауруханада жатыр және әрең жүріп жүр. Курстың басқа оқушылары араласып, Qurt-ты алып кеткен. Осыдан кейін ол қашып кеткен, ал жәбірленуші жедел жәрдемді өзі шақырған», – деп жазды автор.
Бұл мәліметтер әзірге әлеуметтік желідегі жазба авторының мәлімдемесі екенін атап өткен жөн. Полиция тергеу нәтижесі бойынша оқиғаның нақты мән-жайын анықтайды.
Qurt бұған дейін де жанжал ортасында қалған
Рэпер Qurt бұған дейін де зорлық-зомбылыққа қатысты айыптауларға байланысты қоғам назарында болған.
2025 жылдың маусымында оның жүкті жары Аружан Қойшыбаева рэпер өзін бір сағат бойы белдікпен ұрып-соғып, пәтерден шығармай қойғанын мәлімдеген. Ол Instagram желісінде денесіндегі көгерген іздердің суреттерін жариялаған.
Аружан Қойшыбаеваның айтуынша, қатты айғайлағаннан кейін көршілері көмектескен. Сондай-ақ ол рэпердің елден кетуге әрекет жасағанын және өзін арыз жазбауға көндіруге тырысқанын айтқан.