Қазақстан ұшақтарында интернет пайда болады
Қазақстандық ұшақтарда интернет қызметі қазан айынан бастап пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, интернетті әуе кемелерінде іске қосуға қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданған. Биыл маусымда тиісті президент жарлығы да шыққан.
«Қазір интернетті іске қосуға ешқандай кедергі жоқ. Бұл мәселені белсенді түрде пысықтап жатырмыз. Қазан айында интернетке қосылған алғашқы ұшақтар пайда болады деп күтіп отырмыз», – деді Сейсембеков.
Жоспар бойынша интернет спутниктік жүйе арқылы таратылады. Бұл үшін Viasat немесе OneWeb технологияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Ал интернеттің құны әуе билетіне кіре ме, әлде жолаушылар оны бортта бөлек сатып ала ма деген мәселе әзірге белгісіз. Министрлік бұл шешімді әр әуе компаниясы өз бетінше қабылдайтынын айтты.