АҚШ-та үш балалы қазақстандық әйел ұсталды
АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі (ICE) қазақ азаматшасын ұстады. Әлия есімді әйел 12 қыркүйекте қолға түскен, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оның ұсталғанын 15 қыркүйекте растады. Ведомствоның мәліметінше, әйелдің АҚШ-та заңды көші-қон мәртебесі болмаған.
«Қазақстан азаматы Флорида штатында заңды көші-қон мәртебесі болмағанына байланысты АҚШ-тың иммиграциялық қызметі тарапынан ұсталды. Қазақстандық дипломаттар АҚШ мемлекеттік органдарымен және ұсталған әйелдің отбасымен байланыста болып, қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады СІМ.
Әзірге америкалық тарап қазақстандық әйелдің жеке басы, нақты қай жерде ұсталып отырғаны және оны ұстаудың басқа да мән-жайлары туралы қосымша ақпарат жарияламаған.
Әлеуметтік желіде Әлияның құрбысы әйелді босату үшін адвокат қызметіне және кепілге қаражат қажет екенін жазып, жұртшылықтан қаржылай көмек сұраған.
ICE – АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты орган. Ол елдегі көші-қон заңнамасының сақталуын бақылап, заңсыз көші-қонға қатысты істермен айналысады.