Асхат Оралов Астанаға оралып, жаңа қызметке тағайындалды
Асхат Оралов Астанаға оралып, «Әділет» партиясында жаңа қызметке тағайындалды. Ол бұған дейін бір жылға жуық Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Әділет» партиясының басшылық құрамы толықты. Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасары болып тағайындалды.
Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау бағыттарына жетекшілік етеді. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. Философия докторы ғылыми дәрежесі бар. Бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі – Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары.
Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағыттарға жауап береді. Ол сот жүйесінде аудандық сот маманынан бастап, Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейін түрлі қызмет атқарған. Сондай-ақ VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Құқықтану, экономика және бизнес салаларында білім алған.
Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Атырау мұнай және газ институтын және Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Әр жылдары Атырау облысының ішкі саясат саласында, «Атырау-Ақпарат» өңірлік медиахолдингінде және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтер атқарған. Партиялық жұмыста да тәжірибесі бар.
Бұған дейін «Әділет» партиясы төрағасының орынбасарлары ретінде коммуникация бағытына Әлия Адамбаева, идеологияға Ержан Жылқыбаев, цифрландыруға Қаныш Төлеушин тағайындалған болатын.