«Шәйіне дәрі қосып берген»: Қызылордада жаттықтырушы оқушы қызды екі жыл бойы зорлап, кейін достарына ақшаға да сатқан
Қызылорда облысында көгалдағы хоккей жаттықтырушысы кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін екі жыл бойы зорлап, бопсалаған, ддеп хабарлайды buginmedia.kz «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, 38 жастағы бапкер қыз баланың сусынына тыйым салынған ұйықтататын зат қосып беріп, оған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен. Мұнымен қоймай, болған жайтты бейнежазбаға түсіріп, «ата-анаңа көрсетемін» деп қорқытып, жәбірленушіні өзге ер адамдарға сатумен айналысқан. Жасөспірім көрген қорлығы жайлы туыстарына тек екі жыл өткен соң ғана айта алған.
Оқиға 2024 жылы Талдықорғанда өткен жарыс кезінде болған. Командаластары қаланы көруге кеткенде, пәтерде жалғыз қалған 14 жастағы қызды бапкері шай ішкізу арқылы есінен тандырған.
«Ас үйде телефон қарап отырған кезімде жаттықтырушым маған жартылай ішілген шай әкеліп берді. Ойымда ешқандай арам нәрсе жоқ, сол шайды іштім. Әрі қарай есімді білмеймін. Ұйықтап қалғанымды, қай жерде жатқанымды, еш нәрсені білмеймін. Таңғы сағат 5-6 шамасында оянған кезде төменгі іш киімімнің барлығы қан болып тұрды. Жаттықтырушымның қасымда жатқанын көріп, шошып кеттім, сол жерде шок болып қалдым. Ол кісіні оятып, «Маған не істедіңіз?» деп сұраған кезімде, ол: «Не түсініп тұрсың, сол» деді», – дейді жәбірленуші.
Осыдан кейін күдікті қызды бопсалап, ықтиярына көндіріп отырған. Ер адам жасөспірімді ұялы телефонға түсіріп алғанын айтып, егер біреуге шағымдансаң, видеоны ата-анаңа көрсетемін деп қорқытқан.
«Сен осы видеоны таратқанымды қаламасаң, менің айтқандарымды істейсің. Үйдегілерге еш нәрсе айтпайсың, менің айтқандарымды ғана істеп жүресің. Үйдегілерге айтсаң, маған арыз жазылсын, сот болсын, менің төбемде тұрған үлкен ағаларым бар, барлығын шешіп береді. Сендерді өздеріңді түрмеге жапқызып жіберемін, өзіңді колонияға жіберемін деп қорқытты», – дейді жәбірленуші қыз.
Қорлыққа шыдамы таусылған қыз жағдайды отбасына жеткізген. Алайда күдіктімен бетпе-бет келгенде туыстары ашуға бой алдырып, салдарынан қыздың ағасы қамауға алынып, анасы үйқамаққа шығарылған. Жәбірленушінің әпкесі туыстарына іс қозғалуын әділетсіз деп санайды.
«Анама, ініме іс қозғағанды дұрыс деп санамаймын. Өйткені өз қызының кім тарапынан зорланғанын білген кезде, олай бей-жай қарап тұрады дейсіздер ме? Біздің орнымызда басқа адам болса, оларды тұрған жерінде өлтіріп тастар еді. Ал біз оған мүмкіндік бердік. Бұл қаладан жоқ болып кет деп талап қойдық және олардан еш нәрсе сұраған жоқпыз», – дейді жәбірленушінің әпкесі.
Ауыр қылмыс дерегін қазір облыстық полиция тергеуде. Жаттықтырушы мен оның осы іске қатысы бар делінген танысы қамауға алынды.
«Екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда. Істердің тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді», – деді Қызылорда облыстық тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Сәулебеков.
Жәбірленуші тарап істің созылмай, тезірек сотқа өтуін талап етуде.