Стамбұлда екі өзбекстандық өмір бойына сотталды
Түркия соты Өзбекстанның екі азаматын екі әйелді өлтірді деп танып, әрқайсысына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкімді Стамбұлдың ауыр қылмыстар жөніндегі соты шығарған, деп хабарлайды UzDaily.uz.
Сот үкіміне сәйкес, 31 жастағы Дилшод Турдимуратов пен 29 жастағы Гафуржон Камолходжаев Дурдона Хакимова мен Сайера Эргашалиеваның өліміне кінәлі деп танылған. Сонымен қатар сотталушыларға ұрлық бойынша әр эпизод үшін жеті жылдан, яғни қосымша 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілген.
Оқиға 2026 жылғы 24 қаңтарда әшкере болған. Сол күні Стамбұлдағы қоқыс контейнерінен әйелдің денесі табылған. Полиция жүргізген тергеу нәтижесінде күдіктілер анықталып, олар елден шығуға әрекет жасаған кезде әуежайда ұсталған.
Тергеу кезінде осыған дейін күдіктілер тұрған пәтерде тағы бір Өзбекстан азаматының қаза болғаны белгілі болған. Тергеу нұсқасы бойынша, оның денесі де контейнерге тасталған.
Сот процесінде айыпталушылардың көрсетулері бір-біріне қайшы келген. Камолходжаев екінші әйелді өзі өлтіргенін мойындап, Турдимуратовтың бұл іске қатысы жоқ екенін айтқан. Ал Турдимуратов өз әрекетіне ақтау жоқ екенін айтып, жасаған ісіне өкініш білдірген.