«Шөптің арасына көміп кеткен»: Аралда қаза болған полицейдің жары оқиға қалай болғанын айтты
Қызылорда облысының Арал қаласында қаза болған учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакеновтің жары Лаура күйеуінің өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды buginmedia.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.
38 жастағы полиция майоры Мырзажан Жакенов 31 тамызда қаза болған. Оның денесі күдіктінің үйінен зорлық белгілерімен табылған. Полицияның мәліметінше, марқұм күдіктіні бұған дейін отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартып, оған қатысты қорғау нұсқамаларын шығарған.
Лаураның айтуынша, 30 тамызда Мырзажан үйінде болған. Сол күні олардың шаңырақ көтергеніне 17 жыл толған.
«Негізі ол 28 тамызда жұмыста толық күн болып, сол күні еңбек демалысына өтінішін жазып қалдырған. Мен де “енді қашан шығасың?” деп сұрадым. “Әлі бұйрыққа қол қоймай жатыр” деп айтты. Содан сағат сегіздерде кешкі асымызды іштік. Сол күні шаңырақ көтерген күнімізді атап өтіп жатқан едік», – деді Лаура.
Кейін ерлі-зайыптылар таныстарының үйіне барған. Сол жерде Мырзажанға келесі күні нарядқа шығатыны хабарланған.
Лаураның сөзінше, түнгі сағат 01:30 шамасында үйіне қайтып келе жатқан кезде полицейге шұғыл шақырту түскен. Оған әйелін күйеуі ұрып жатқаны туралы хабарлама келген.
«Мен де көріп, “102 хабарлассай” деген едім, “мені әлі еңбек демалысына шығармады ғой, әйеліне бірдеңе болып қалар, баруым керек” деп тез асығып кетіп қалды», – деді марқұмның жары.
Лаураның айтуынша, күйеуінің телефонында сол түні келген хабарлама мен шақырту сақталған. Ол Мырзажан оқиға орнына қызметтік міндетін орындау үшін кеткен деп есептейді.
Полицей үйіне оралмаған соң отбасы оны іздей бастаған. Кейін түстен кейін оның қаза болғаны туралы хабар жеткен.
Лаура күйеуінің денесі табылғаннан кейін онымен қоштаса алмағанын айтты.
«Менің жолдасымды күдікті өз гаражында айуандықпен, азаптап өлтіріп, фуфайкаға (қалың қыстық киім) орап, үстіне шөпті үйіп, таппасын деп тығып тастаған. Ақтық сапарында маған және анасына, бауырларына дидарын көрсетпеді. Жан жарымның қолын ұстап қоштаса алмадым, шығарып сала алмадым. Әлі де өлгеніне сенбеймін…» – дейді Лаура.
Марқұмның жары қылмысқа бір адамның ғана қатысқанына күмән келтіретінін айтты.
«Күйеуімді бір адам өлтірді деп ойламаймын. Бірнеше қаруды бір уақытта бір адам қолдана алмайды. Тағы да қасында адамдар бар деп ойлаймын. Бұл қылмыскерлер тез табылып, қатаң жазаларын алсын деймін. Қашып жүрген адам өте қауіпті. Басқа азаматтарға зияны тимей тұрғанда, тез тауып, қатаң жазасы берілсін. Мен әділдікті сұраймын. Менің жолдасымның қабірде жаны тыныш жатсын», – деді Лаура.
Туыстары Мырзажан Жакеновтің сол түні еңбек демалысында емес, қызметтік міндетін атқарып жүргенін ресми түрде анықтауды сұрап отыр. Олар істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде.