Жаңалықтар

Кенесары ханды қорлайтын сөз айтқан қызғызстандық студент қыздар қазақ тілінде кешірім сұрады

Астанада алмасу бағдарламасымен білім алып жүрген қырғызстандық студенттер Аруке мен Эдина әлеуметтік желіде тараған видеодағы сөздері үшін кешірім сұрады. Олар қазақ тілінде видеоүндеу жасап, айтқандары қазақ халқының намысына тигенін түсінетінін жеткізді,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Интернетте тарап кеткен сөздеріміз үшін кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды», – деді студенттер.

Қыздар даулы сөздердің эфир барысында блогердің сұрақтарынан кейін айтылғанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, блогер әдейі арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойған.

Соған қарамастан студенттер мұны өз әрекеттерін ақтайтын себеп ретінде көрсетпейтінін айтты.

«Біздің мақсатымыз қазақ халқын қорлау болған жоқ. Айтқан сөздерімізге шын жүректен өкінеміз», – деді олар.

Студенттер Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарынан кешірім сұрап, мұндай жағдай енді қайталанбайтынын мәлімдеді.

Дау қалай басталды?

Бұған дейін Бішкектен Астанаға алмасу бағдарламасымен келген студенттердің онлайн эфирінен үзінді әлеуметтік желіде тараған. Эфир кезінде қыздар Кенесары ханға қатысты даулы пікір айтқан. Жазба екі елдің әлеуметтік желілерінде қызу талқыға түсіп, қолданушылар студенттердің сөзін сынға алды. Эфирге қатысушылардың бірі видеоны Қырғызстан елшілігіне жолдайтынын айтқан.