"Көкте бір құс айналып ұшты": Асанәлі Әшімовтың мүсінін ашқанда адам сенгісіз таңғажайып оқиға болды
Журналист Әлия Құдайбергенова актер, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың бейітіне ескерткіш орнату кезінде өзі куә болған ерекше жағдай туралы айтып берді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Журналист алғаш рет «Кеңсай» зиратына барғанын айтып, актердің басына қойылған тас мүсіннің ашылу рәсіміне қатысқан.
Әлия Құдайбергенованың жазуынша, ескерткішті орнату жұмыстары актердің жары Бағдат Әшімованың бастамасымен қыста басталған. «Кеңсай» зиратында қазақ мәдениеті мен өнерінің көптеген белгілі өкілдері жерленген.
Бағдат Әшімова рәсім кезінде ескерткіш орнату туралы шешім қалай қабылданғанын айтып берген.
«Аскеңнің анасы, жары Майра тәте, екі ұлы бәрі бір шаңырақтың астында жатыр, төртеуін қатар қойған. Жандарынан бір орын бос тұрған. Ол жерге келінін қойдық. Аскеңе қосылғалы қорым басына жиі барып құран бағыштап тұрдық, бірде тазартам, бірде тал егем, сөйтіп жүргенде бір ой келді… Жол жиегіндегі мына жер бос тұр екен. Жақындарына құран бағыштауға келген жұрттың бәрі осы жолмен өтеді, отбасының жанында, неге осы орынды белгілеп қоймасқа, дедім», – деген ол.
Бағдат Әшімова бұл орынды алдын ала белгілеп қойғанын, бірақ бұл туралы Асанәлі Әшімовке айтпағанын жеткізген.
«Сөйтіп өмірден өткен әкемнің атымен белгі-тақтайша жазып, орынды сақтап қойдым. Аскеңе айтпадым. Ешкімге айтпадым. Аскеңді жүзге келтіремін деуші едім… Құдайдың қолында екен ғой… Аскеңнің болмысын дәл сақтап мүсін қашау оңай болмады. Қанша рет түзеттік», – деген Бағдат Әшімова.
Ол мүсіннің актердің мінезі мен болмысын барынша дәл жеткізуін қалағанын айтқан.
«Ұрпағына, ел-жұртына үн қатып тұрғандай паң қалпын сақтап қасқайып тұрсын, дедім. Бүгін мен үшін, Аскеңнің ұрпағы үшін тарихи күн», – деген ол.
«Мүсін ашылған сәтте көкте бір құс айналып ұшты»
Журналист ескерткіш ашылған сәтте ерекше жағдай болғанын да жазған.
«Асанәлі ағаның мүсінін аша берген сәтте, көкте бір құс айналып ұшып жүрді. Сосын жоқ боп кетті. Тылсым. Оны мен түсіріп алдым», – деп жазды Әлия Құдайбергенова.
Ол сондай-ақ дастархан басында актердің отбасымен жақын араласқан, өмір бойы дәрігер болып еңбек еткен әйелмен сөйлескенін жеткізді. Оның айтуынша, Асанәлі Әшімов біреуді сыртынан жамандауға жол бермеген.
«Асекеңнің бір қасиеті, жамандауға қосылмайды екен. Біреу біреуді жамандап бастаса тоқтатып тастайтын», – деген әйел.
Журналист актердің мінезін де еске алып, оның ойын ашық айтатын адам болғанын атап өтті.
«Иә ол кісі ашық еді ғой, ұнатпаса, күлбілтелемей, жауымен де ашық жауласатын», – деп жазды ол.
Әлия Құдайбергенова жазбасын Асанәлі Әшімовтың рухына арналған сөзбен аяқтады.
«Асанәлі аға “Кеңсай 1” де жатыр. Бейітіне жету үшін биіктейсіз біраз жер. Ең биігіне шыққанда аға жатыр. Биіктеп кетіпті аға…Иманыңыз саламат болсын, аңыз адам!»