Жаңалықтар

Боксшы Серік Сәпиев АХҚО-да компания ашты

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Enzo Ltd. атты компания тіркеген. АХҚО-ның ресми тізілімінде ол компанияның жалғыз акционері және басшысы ретінде көрсетілген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Enzo Ltd. 11 қыркүйекте 2026 жылы жеке компания ретінде тіркелген. Қазір ұйымның мәртебесі – белсенді. Тізілімде оның қызмет бағыты холдингтік компаниялардың қызметі деп көрсетілген.

Бұл бағыт, әдетте, басқа компаниялардың акцияларын немесе олардағы үлестерді иеленуге байланысты.

Компанияның заңды мекенжайы Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылы, 55/16 мекенжайында орналасқан.

Компанияға Сәпиевтің өзі басшылық етеді

Ресми мәлімет бойынша, Серік Сәпиев Enzo Ltd.-нің директоры әрі бас атқарушы директоры. Сондай-ақ оның компания атынан құжаттарға қол қоюға құқығы бар.

Компанияның шығарылған акцияларының саны – 100 жай акция. Әр акцияның номиналды құны 3 мың теңге, яғни барлық акцияның жалпы құны 300 мың теңгені құрайды.

АХҚО тізілімінде Enzo Ltd.-нің акционері ретінде тек Серік Сәпиев көрсетілген.