Жаңалықтар

Қазақстанда кей өңірлерде жаңбыр мен бұршақ жауып, кейбір жерде күн жылынады

"Қазгидромет" РМК 15–17 қыркүйекке ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен алдағы күндері Қазақстанның солтүстігі мен шығысының кей аудандарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнап, жел күшеюі мүмкін.

16 қыркүйектен бастап батыс циклонының ықпалы күшейіп, елдің батысында жаңбыр жауып, жел күшейеді. 17 қыркүйекте жекелеген аудандарда қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал.

Қазақстанның қалған бөлігінде антициклонның әсерінен жауын-шашын болмайды. Бұл өңірлерде ауа температурасы біртіндеп көтеріледі.

Күндіз солтүстік пен орталық өңірлерде ауа температурасы +20...+27 °C-қа дейін жетеді.

Ал батыс, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда күн біршама салқындайды. Батыста ауа температурасы +19...+30 °C, шығыста +18...+25 °C, оңтүстік-шығыста +22...+28 °C аралығында болады.