Жаңалықтар

Қаржы пирамидасын басқарған күдікті төрт жылдан кейін Түркиядан Қазақстанға жеткізілді

«The Finiko» қаржы пирамидасының бөлімшесін басқарған күдікті Қазақстанға қайтарылды

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдікті 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Оны прокуратура органдарының үйлестіруімен Интерполдың Ұлттық орталық бюросы Қазақстанға қайтарған.

Тергеу мәліметінше, «The Finiko» нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Бұрынғы салымшыларға төлем жаңа қатысушылардан түскен ақша есебінен жүргізілген. Осы тәсіл арқылы табыс түсіп жатқандай әсер қалыптастырып, жаңа салымшылардан қаражат тартқан.

Күдіктінің әрекетінен қаржы пирамидасына 160 млн теңгеден астам қаражат тартылған.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тәркілеу барысында күдіктіге тиесілі, құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұл іс бойынша бұған дейін үш адам сотталған. Олардың мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы алты жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Істің өзге мән-жайлары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.