Шоу-Бизнес

"Көлікті мен жүргіздім": Нұржан Қалжан 2009 жылы достары қаза тапқан жол апатын еске алды

Әнші Нұржан Қалжан 2009 жылы болған жол апатынан кейінгі қиын кезеңі туралы айтып берді. Өнер иесі бұл туралы «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Әншінің айтуынша, жол апатынан кейін дәрігерлер оның әншілік өнеріне қайта оралуы қиын болуы мүмкін екенін ескерткен. Алайда сол кезде Нұржан Қалжан үшін шығармашылықтан гөрі, жанында болған достарының тағдыры маңызды болған.

«2009 жылы жол апатынан кейін дәрігерлер маған енді ән айта алмай қалуым мүмкін екенін айтты. Мойныма темір қойылды. Бірақ ән айта алмай қаламын деген сөз мені қорқытқан жоқ. Ол туралы ойлайтындай жағдайда болмадым. Себебі сол жол апатында жанымдағы достарымнан айырылдым. Олардың арасында журналист Руслан Бөлебай да болды. Бір көлікте бірге келе жатқанбыз, көлікті мен жүргіздім», – деді әнші.

Нұржан Қалжан сол кезеңді ауыр қабылдағанын және достарының қазасына байланысты өзін ұзақ уақыт кінәлағанын айтты.

«Достарымнан айырылып қалғаным қатты батты. “Сол кісілер аман қалғанда ғой” деп ойладым. Өзімді қатты кінәладым. Сол кезде ән айту, дауысымнан айырылып қалу деген дүниелердің бәрі мүлде ойыма келген жоқ», – деді ол.

Еске салайық, 2009 жылғы 16 шілдеде тележүргізуші әрі әнші Руслан Бөлебай жол апатынан қаза тапқан. Ол кезде 24 жаста болған.