1 қазаннан бастап жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы тәртібі өзгереді
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді. Пилоттық жоба аясында төлемнің ең ұзақ мерзімі үш ай болады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жаңа тәртіп әлеуметтік төлем алуға құқығы 1 қазаннан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады.
Төлем мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты белгіленеді:
6 айдан 12 айға дейін қатысқан болса – 1 ай;
12 айдан 24 айға дейін – 2 ай;
24 айдан көп қатысқан жағдайда – 3 ай.
Сонымен қатар 1 қазаннан бастап төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол әлеуметтік төлем алуға құқық пайда болған күндегі республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген 7 ең төменгі жалақының 45%-ына тең болады.
Әр азамат алатын нақты сома соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне қарай есептеледі.
Төлемді қалай алуға болады?
Жұмысынан айырылған азамат алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Ол үшін тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына баруға немесе eGov.kz пен Enbek.kz арқылы тіркелуге болады.
Мансап орталығы азаматтың мамандығы, тәжірибесі, біліктілігі, денсаулық жағдайы және жұмыс режимі сияқты талаптарды ескеріп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады.
Егер лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеледі. Әлеуметтік төлем алуға құқығы болған жағдайда, төлем жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап проактивті түрде тағайындалуы мүмкін.
Бұдан бөлек, азаматтарға кәсіптік оқыту, қайта даярлау, субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы және кәсіпкерлікті қолдау сияқты жұмыспен қамту шаралары ұсынылады.
Егер азамат ұсынылған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылып, соған байланысты әлеуметтік төлем де тоқтатылады.
Төлем мерзімі аяқталғаннан кейін немесе азамат жұмысқа орналасқан жағдайда да мансап орталығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді жалғастыра алады.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік төлем мерзімінің қысқаруы бюджет шығыстарын азайтуға байланысты емес. Негізгі мақсат – жұмыспен қамту шараларын күшейтіп, азаматтардың мүмкіндігінше тезірек тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.