Жаңалықтар

Есілде балық ауламақ болған ерлі-зайыпты оқ астында қалды

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны әлеуметтік желіде Есіл өзенінің маңында балық аулап жүрген кезде оқ атылғанын айтып, адамдарға ескерту жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz Halyqstan ақпаратына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, ол күйеуімен бірге Петропавл маңындағы Есіл өзеніне балық аулауға барған. Кенеттен атыс дауысы естілген. Алғашында оқ алыстан атылғанымен, кейін оқтар бастарының үстінен ысқырып өтіп, бұталардың бұтақтарын қиған.

Әйел жерге жата қалып, күйеуін де ескерткен. Ешкім зардап шекпеген.

Оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл аумақта әскери полигон орналасқан. Полигонға кіреберісте аумаққа кіруге қатаң тыйым салынғаны туралы арнайы белгілер қойылған.

Полигонда әскери қызметшілер, шекарашылар, Ұлттық ұлан академиясының курсанттары, кейде полиция қызметкерлері де оқу-жаттығу атыстарын өткізеді.

Кейін әйел тыйым салынған белгілерді күйеуі екеуі көргенін мойындаған. Алайда олар бұл жерге бұрын да балық аулауға барып жүргендіктен, ескертуге мән бермеген.

Қазір құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр. Олар сол күні полигонда атысты қай бөлімшенің өткізгенін және азаматтардың қауіпті аумаққа қалай кіргенін анықтайды.