«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы вице-президентке жетті: Қарин не дейді?
Вице-президент Ерлан Қарин қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Қариннің айтуынша, «қыркүйек» пен «қыргүйек» сөздеріне қатысты пікірталас тек тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана қатысты мәселе емес.
«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан әр сөздің дұрыс жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сол себепті мұндай мәселенің бізге де қатысы бар», – деп жазды ол.
Қариннің айтуынша, жаңа Орфографиялық сөздікті ғалымдар мен тіл мамандарынан құралған арнайы жұмыс тобы әзірлейді. Дайын болған еңбек кейін Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі.
«Мемлекет қай сөздің қалай жазылатынына араласпайды. Бұл – мамандар мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы процесті тиімді үйлестіру», – деді вице-президент.
Ол қолданыстағы Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққанын атап өтті. Содан бері қазақ тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болған.
Қарин жаңа сөздікті әзірлеу мәселесіне асықпай, бірақ созбалаңға салмай кірісу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл жұмыс Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағы сияқты ұлттық жоба деңгейінде қаралуы керек.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі «қыркүйек» сөзінің «қыргүйек» болып жазылуына қатысты пікір білдірген еді. Министр екі нұсқаны да бірден қате деп санауға болмайтынын айтып, бұл мәселеге ғалымдар нақты шешім шығаруы керек екенін жеткізген.