Қазақтарға, Қазақстанға азап тілеген мұғалім жұмыстан шықты
Қазақстан экономикасының құлдырауын тілеп, әлеуметтік желіде елге қатысты даулы пікір айтқан мұғалім Жарқын Әбдікәрімов жұмыстан кеткенін мәлімдеді, , деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жанжал Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік мектептердің лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдегеннен кейін басталған. Ведомство талаптарды бұзуға оқушы қыздарға хиджаб киюге рұқсат беру де жататынын айтқан.
Осыдан кейін Жарқын Әбдікәрімов Threads әлеуметтік желісінде даулы жазба жариялаған.
«Қазақтарға, Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла күйретші. Әмин», – деп жазды ол.
Жазбадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан шара қолдануды талап етті. Кейін Әбдікәрімовтің Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтіні анықталды.
Журналистерге берген түсініктемесінде педагог жазбаны ашумен және эмоцияға беріліп жазғанын айтты. Ол қазақстандықтардан кешірім сұрап, елін жақсы көретінін және өзін патриот санайтынын жеткізді. Сондай-ақ мектепте оқитын қызы бар екенін, оның хиджаб кимейтінін атап өтті.
Кейін мұғалім даулы жазбасын өшірді.
Мұғалім жұмыстан шықты
Жанжалдан кейін Қарағанды облысының білім басқармасы жағдайға пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 10 қыркүйектен бастап педагогпен еңбек шарты тоқтатылған.
«Әбдікәрімов Жарқын Рахымұлы өз еркімен жұмыстан шықты», – деп хабарлады Қарағанды облысының білім басқармасы.
Бұған дейін Қарағанды облысының полиция департаменті мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты тексеру жүргізілгенін хабарлаған.