Жаңалықтар

Атырауда 16 жастағы оқушы қыз мұрнына жасалған операциядан кейін қайтыс болды

Атырау облыстық балалар ауруханасында 16 жастағы оқушы қыз жоспарлы операциядан кейін көз жұмды. Жасөспірімді бірнеше ай бойы мұрын қуысындағы киста мазалаған, деп хабарлайды buginmedia.kz

Atyrau Today Telegram арнасының хабарлауынша, отбасы қызын ауруханаға портал арқылы жоспарлы түрде жатқызған. Анасы Мөлдір Сахметованың айтуынша, дәрігерлер операцияның шамамен 20 минутқа созылатын жеңіл процедура екенін түсіндірген.

Алайда хирургиялық араласудан кейін қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Анасының сөзінше, медициналық тампон оның тыныс алу жолына түсіп кеткен. Жасөспірім тұншығып, жансақтау бөліміне ауыстырылған.

Анасы қызын әрі қарай емдету үшін Астанаға жеткізуді сұраған. Алайда дәрігерлер оның жағдайы ауыр болғандықтан, ұшақпен немесе басқа жолмен тасымалдау мүмкін емес екенін айтқан.

Жасөспірім 19 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, кейін қайтыс болған. Қыздың денесі жер қойнына тапсырылды.

«Мен оларға дені сау баланы бердім. Өмірінде ауруханада жатпаған баланы. Мен дәрігерлерді кінәлаймын», – деді марқұмның анасы.

Қазір отбасы қыздың өліміне не себеп болғанын анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеруді талап етіп отыр.