Саясат

Трамп республикашылдар сайлауда жеңсе, әрбір ересек америкалыққа 5000 доллардан төлеуге уәде берді

АҚШ президенті Дональд Трамп республикашылдар Конгрестің қос палатасында да бақылауды сақтап қалса, елдегі әрбір ересек азаматқа 5000 доллардан төлеуге уәде берді. Бұл шамамен 2,3 млн теңге, деп хабарлайды Reuters.

Трамп бұл туралы Далласта өтіп жатқан Республикалық партияның аралық сайлауға арналған алғашқы съезінде айтты.

«Егер республикашылдар жеңіске жетсе, сіздер де бізбен бірге жеңіске жетесіздер және 5000 доллар аласыздар. Бұл төлем "Трамп дивиденді" деп аталады», – деді АҚШ президенті.

Оның айтуынша, төлемді алатын азаматтар ақшаны тек АҚШ аумағында жұмсауы керек. Алайда Трамп бұл бастаманы қаржыландыру көзі мен қаражатты бөлу тәртібін нақтылаған жоқ.

АҚШ-та шамамен 270 млн ересек адам бар. Егер олардың барлығына 5000 доллардан төленсе, бюджетке шамамен 1,35 трлн доллар қажет болады. Бұл шамамен 616,8 трлн теңгеге тең. Associated Press мәліметінше, мұндай төлемді жүзеге асыру үшін Конгрестің мақұлдауы қажет.

Трамптың мәлімдемесінен кейін вице-президент Джей Ди Вэнс ауқатты америкалықтардың бұл төлемді алмауы мүмкін екенін айтты. Оның болжамынша, қаржының бір бөлігі кедендік баждардан түсетін кірістер есебінен төленуі ықтимал.

Трамптың ұсынысы әзірге нақты заң жобасы түрінде ұсынылған жоқ.