Әлеумет

Сапасыз бензин салдарынан қазақстандықтар 600 мың теңгеге дейін шығынға батып жатыр

Құрылтай депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Қазақстандағы бензин сапасына қатысты мәселені көтерді. Ол АИ-95 және АИ-98 маркалы жанармайға қатысты азаматтардың шағымы көбейгенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Құрылтай депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Қазақстандағы бензин сапасына қатысты мәселені көтерді. Ол АИ-95 және АИ-98 маркалы жанармайға қатысты азаматтардың шағымы көбейгенін айтты.

Депутаттың сөзінше, кей жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көліктерінің техникалық ақауына тап болып жатыр. Форсунка, оталдыру шамдары, катализатор секілді бөлшектердің істен шығуы көлік иелеріне 200-600 мың теңгеге дейін шығын келтіруі мүмкін.

Рахымжанов бұл мәселе жекелеген жағдайлармен шектелмейтінін атап өтті. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, 2026 жылы жүргізілген бақылау сатып алулары кезінде жанармайды алмастыру фактілері анықталған.

Мәселен, Алматыда АИ-100 ретінде сатылған өнімдегі күкірт мөлшері белгіленген деңгейден үш еседен астам жоғары болған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен АИ-92 бензині сатылған.

Асхат Рахымжановтың айтуынша, мәселе жанармайдың сапасын өндіру кезеңінде ғана емес, оны тасымалдау, сақтау және сату барысында да бақылаудың қажеттігін көрсетеді.

«Модернизацияланған мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген сапалы отын тұтынушыға жеткенге дейін өзінің сипаттамасын жоғалтпауы керек. Мемлекет бензин сапасына зауыттан шыққан кезде ғана емес, ол әрбір автокөлік иесінің багына құйылғанға дейін кепілдік беруі тиіс», – деді Асхат Рахымжанов.

Осыған байланысты депутат Үкіметке алты ұсыныс жасады.

Олардың қатарында жанармай құю станциялары мен мұнай базаларында алдын ала ескертусіз сынама алуды енгізу, тұрақты бақылау сатып алуларын өткізу және әрбір жанармай партиясының өндірушіден нақты АЗС-ға дейінгі қозғалысын цифрлық бақылау бар.

Сондай-ақ депутат жанармайдың шығу тегі мен зертханалық тексеру нәтижесін QR-код арқылы тұтынушыға қолжетімді етуді ұсынды.

Бұдан бөлек, сапасыз отын үшін жауапкершілікті тек соңғы сатушыға жүктемей, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тарапты анықтау, мұндай өнімдерді айналымнан міндетті түрде алып тастау және жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды.

Рахымжанов сапасыз жанармайдан зардап шеккен азаматтарды қорғау тетігін де енгізуді ұсынды. Оның ішінде көліктің бұзылуы мен жанармай сапасы арасындағы байланысты дәлелдеуді жеңілдету және диагностика мен жөндеу шығындарын өтеу мүмкіндігін қарастыру бар.