Саясат

Әдеп ережесін бұзған Құрылтай депутаттарының жалақысы қысқаруы мүмкін

Құрылтай депутаттары жалған немесе шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат бергені, жария сөз сөйлегені және парламенттен тыс жерде өзін әдеп нормаларына сай ұстамағаны үшін де жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтайдың алғашқы брифингінде депутат Дания Еспаева айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, депутаттық әдеп ережелері тек Құрылтай ғимаратындағы жұмысқа қатысты емес. Депутат қызметтен тыс уақытта да өзін жоғары моральдық талаптарға сай ұстауы керек.

«Депутат жоғары моральдық қасиеттері бар адам болуы керек, оған қойылатын талап та жоғары. Сондықтан оның қай жерде жүргеніне қарамастан, жұмыс орнында ма, әлде Құрылтайдан тыс жерде ме, депутаттық әдеп талаптары оған қолданылады», – деді Дания Еспаева.

Депутаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары да бақылауда болады. Парламентарийлер журналистерге ақпарат бермес бұрын оның дұрыстығын тексеруі тиіс. Егер депутат көпшілікке шындыққа сәйкес келмейтін деректерді айтса, бұл депутаттық әдепті бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін.

Депутаттарға қатысты шағымдарды арнайы Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды. Қазір оның құрамы әлі бекітілмеген. Кеңес төрағасы мен мүшелерін Құрылтай бюросының алдағы отырыстарының бірінде бекіту жоспарланып отыр.

Дания Еспаеваның болжамынша, кеңес құрамына барлық партиялардың өкілдері мен комитет төрағалары кіруі мүмкін.

Әдеп талаптарын бұзған депутаттарға бірнеше тәртіптік жаза қарастырылған. Атап айтқанда, депутатқа сөгіс жариялануы немесе одан көпшілік алдында кешірім сұрау талап етілуі мүмкін.

Неғұрлым ауыр жағдайда депутатты бір немесе үш отырыста сөз сөйлеу құқығынан айыру, Құрылтайдың бір немесе үш отырысынан шығару немесе бір күндік жалақысынан айыру шарасы қолданылуы ықтимал.

«Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштерді қарайды. Өзіне қатысты арыз түскен депутаттың сөзін тыңдауға және түсініктеме беруге құқығы бар. Тек содан кейін ғана тиісті тәртіптік шаралар қолданылады», – деп түсіндірді Еспаева.

Кеңес тек депутаттарды жазалаумен шектелмей, оларға әдеп талаптарын түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Бұл қазіргі Құрылтай құрамының едәуір жаңаруына байланысты маңызды. Еспаеваның айтуынша, қазіргі шақырылым депутаттарының шамамен 78 пайызы парламентке алғаш рет келген.