ҰҚК: екі көлік шенеунігі 40 млн теңгеден астам сыйақы алған
Ұлттық қауіпсіздік комитеті көлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
ҰҚК мәліметінше, биыл тамызда прокуратураның үйлестіруімен Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары мен Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары ұсталған.
Олар рұқсат етілген салмақ нормасынан артық жүк тиеген көліктердің кедергісіз жүруіне жағдай жасады деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам материалдық сыйақы алған.
"Сот санкциясымен екі лауазымды тұлға да қамауға алынған", - делінген хабарламада.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.