Жігіттің ұсынысын қабылдамаған 17 жастағы блогер қыз туған күнінде көз жұмды
Пәкістан астанасы Исламабадта 17 жастағы TikTok блогері Сана Юсаф өз үйінде қаза тапты. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.
Оқиға 2025 жылғы 2 маусымда болған. Полиция мәліметінше, Сана үйінде ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Сана Юсаф әлеуметтік желіде танымал болған. Оның TikTok парақшасына шамамен 1,1 миллион адам жазылған. Блогер көбіне музыкаға байланысты қысқа видеолар жариялаған. Қайғылы оқиға алдында ол достарымен бірге туған күнін атап өткен. Оның парақшасындағы соңғы видео да осы мерекеге арналған.
Полиция күдіктіні қылмыстан кейін 20 сағат ішінде Фейсалабад қаласында ұстаған. Тергеу мәліметінше, күдікті — 22 жастағы жұмыссыз ер адам.
Полиция басшысының айтуынша, күдікті Санаға бірнеше рет хабарласуға тырысқан. Алайда қыз оның байланысу әрекеттеріне жауап бермеген. Полиция осыдан кейін күдіктінің қылмыс жасағанын мәлімдеді.
Жергілікті Dawn басылымының тергеуге жақын дереккөздерге сүйеніп жазуынша, Сана мен күдікті бір жылдай таныс болған. Ер адам блогердің туған күніне орай Исламабадқа барған, алайда олар кездесіп үлгермеген.
Кейін екеуі телефон арқылы сөйлесіп, 2 маусымда кездесуге келіскен. Күдікті Сана тұрған үйге барған. Алайда қыз сыртқа шықпаған. Осыдан кейін үй ішінде жанжал болып, оқиға қайғылы аяқталған.
Полиция күдіктіні ұстаған кезде Санаға тиесілі телефон мен қылмысқа қатысты заттарды тәркілеген. Пәкістанның Ішкі істер министрі күдіктінің қылмысты мойындағанын мәлімдегенімен, Al Jazeera бұл ақпаратты өз бетінше растай алмағанын атап өтті.
Сана Юсафтың өлімі Пәкістанда үлкен қоғамдық пікір тудырды. Әйелдер құқығын қорғау ұйымдары істі жан-жақты тергеуді және кінәлі адамды заң бойынша жауапқа тартуды талап етті.