Жаңалықтар

Ақтөбеде сот полицей әйелге күйеуіне жақындауға тыйым салды

Ақтөбеде ерлі-зайыпты полиция қызметкерлерінің арасындағы жанжал сотқа ұласты. Оқиға 1 қыркүйекте болған,  деп хабарлайды buginmedia.kz Hronika.kz басылымына сілтеме жасап.

Ақтөбеде ерлі-зайыпты полиция қызметкерлерінің арасындағы жанжал сотқа ұласты. Оқиға 1 қыркүйекте болған.

Ақпаратқа қарағанда, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының аға лейтенанты үйдегі жанжал кезінде 102 нөміріне қоңырау шалып, күйеуі қол көтеріп, баспалдақтан итеруге әрекет жасағанын айтқан.

Оқиға орнына келген полицейлер ер адамға қатысты тиісті хаттама толтырып, оны медициналық куәландыруға апарған. Сол түні ер адам досының үйінде болған. Ал келесі күні іс әкімшілік сотта қаралған.

Сот отырысына полиция қызметкері әйел де келген. Осы кезде ер адам жанжал кезінде түсірілген видеоны сотқа ұсынған. Кадрларда әйелдің балағат сөздер айтып, күйеуін шымшуға әрекет жасағаны көрінген. Сонымен қатар әйелдің денесінен дене жарақаты немесе көгерген іздер анықталмаған.

Сотта көршілер де жауап берген. Олардың айтуынша, сол күні пәтерден айқай, шу немесе жанжал дауысы естілмеген.

Сот ер адамға қатысты әкімшілік істі құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатқан. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторына әйелдің өзіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша хаттама толтыруды тапсырған.

Бұл бап отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қарастырады. Оған балағаттау, қорлау, мүлікті бүлдіру және отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер жатады.

Нәтижесінде сот полиция қызметкерін кінәлі деп танып, оған ескерту түріндегі жаза тағайындаған. Бұдан бөлек, оған қатысты 30 тәулікке қорғау нұсқамасы шығарылған. Құжат бойынша әйел осы мерзім ішінде күйеуіне жақындауға, оны іздеуге, қудалауға, рұқсатынсыз баруға, телефон арқылы немесе мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы байланысуға тыйым салынған.

Сондай-ақ полиция қызметкері профилактикалық есепке қойылған. Заң талаптарына сәйкес, оның мінез-құлқы мен тұрмыс жағдайы полиция тарапынан кемінде жеті күнде бір рет тексерілуі тиіс.

Қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда бұл жағдайға байланысты аға лейтенант қызметінен босатылмаған.