Жаңалықтар

Астана қаласы көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алайда ведомство Махметовке нақты қандай айып тағылғанын және оның процессуалдық мәртебесін жариялаған жоқ.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК баспасөз қызметінің жауабында.

ҚПК-нің 201-бабында сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге шектеу қойылған.

Айта кетейік, Махметовке қатысты тергеу оның Астана қаласының көші-қон қызметіндегі бұрынғы қызметіне байланысты ақпарат тарағаннан кейін белгілі болды.

Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаеваның ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін бұл іс бойынша ҰҚК тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.

Осыдан кейін Махметовтің де аталған іске қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда ҰҚК оның Мақаеваға қатысты тергеумен байланысын ресми түрде растаған жоқ.

Ербол Махметов бұған дейін Астана қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасын басқарған.

Оның нақты қандай іс бойынша тергеліп жатқаны және Мақаеваға қатысты қылмыстық іспен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз. Тергеу жалғасып жатыр.