"Лифт үш қабатқа құлап кеткен": Астанада BI Group салған элиталы тұрғын үйдегі жағдай тұрғындардың зәресін ұшырды
Астанадағы «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешенінде лифт құлап кете жаздаған. Бұл туралы астаналық әйел әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әйелдің айтуынша, лифт ішінде келе жатқан кезде кабина кенеттен үш қабат төмен түскен. Сол сәтте электр қуаты өшіп, жарық сөнген. Лифтідегі батырмалар мен камера да жұмыс істемей қалған.

«Бүгін «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешенінде мінген лифтімен бірге үш қабат төмен қарай күрт құлап кеттім. Сол сәтте электр қуаты толық өшті. Жарық сөнді, батырмалар басылмады, лифт еш әрекетке жауап бермеді. Тіпті ішіндегі камера да жұмыс істемей қалды. Мен қараңғыда жалғыз қалдым және не болып жатқанын, әрі қарай не болатынын мүлде түсінбедім», – деп жазды тұрғын.
Ол оқиға кезінде қатты қорыққанын айтты.
«Мен шынымен қазір өліп кетемін деп ойладым. Бұл жолы лифт тоқтады. Ал егер тоқтамағанда ше? Егер шахтаға құлап кетсе ше? Егер бүгін қайтыс болсам ше? Балам анасыз қалар еді ғой» – дейді ол.
Тұрғын сондай-ақ құрылыс компаниясының әрекетіне наразылығын білдірді. Оның сөзінше, BI Group тарапынан жағдайды анықтап, тиісті шара қабылдауға бағытталған нақты әрекет болмаған.
«BI Group, бұл сіздердің үйлеріңіз, сіздердің лифттеріңіз. Мұнда күн сайын жүздеген адам, оның ішінде балалар да жүреді!» – деп жазды ол.
Тұрғын мұндай жағдайдың екі жылдан бері қайталанып келе жатқанын айтады.
«Қосымша айта кеткім келетіні, біздің лифтілерде адамдар екі жылға жуық уақыттан бері тұрып қалып жүр.Лифтілер үнемі істен шығады Меніңше, бұл мүлде қалыпты жағдай емес! Мысалы, бүгін лифтідегі электр қуаты өшкен кезде тіпті көмек шақыру батырмасы да жұмыс істемеді! Мұндай жағдайда не істеу керек? Қараңғыда үнсіз отыра беру керек пе?», - дейді әйел.
«Туыстарым қазір тұрғын үй кешенін таңдап жатыр. Қазір оларға осы туралы жазамын. Басқа құрылыс компаниясын іздесін. BI Group туралы қаншама жағымсыз пікір оқыдым», «Өкінішке қарай, біздің «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешеніндегі лифтілердің жағдайы өте нашар. Күн сайын ақаулар болып, адамдар лифт ішінде тұрып қалып жатады», «@bi.group, неге сіздер мұндай мәселелерге көз жұма қарайсыздар? Бұл әзіл емес қой», «Біздің «КАПИТАЛ ПАРК ФЛОУРС» тұрғын үй кешенінде де дәл осындай мәселе бар. Әр жолы бәрі қайталана береді, әбден шаршадық! Қашан бұл мәселені дұрыстап шешесіздер?!», «Қазір ең сенімді құрылыс компаниясы Sensata сияқты. BI Group-тың сапасы көңіл көншітпейді», «Құдайым, қандай қорқынышты! BI Group, сіздердің сапаларыңыз қайда? Қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмасаңыздар, онда көпқабатты емес, аз қабатты үйлер салыңыздар», «Жалпы, BI Group-та кемшілік өте көп» деп жазды желі қолданушылары
Әзірге BI Group компаниясы бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.