Әлеумет

БЖЗҚ зейнетке шығатын қазақстандықтарға үндеу жасады

«БЖЗҚ» АҚ зейнеткерлік жасқа толған, қорда міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен жинақтары бар азаматтарға төлемдерді уақытылы рәсімдеу қажеттігін еске салды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

2026 жылы Қазақстанда ерлер 63 жаста, әйелдер 61 жас 6 айда зейнетке шығады. БЖЗҚ төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін белгіленген кесте бойынша жүргізіледі.

Зейнеткерлік жасқа байланысты төлемдерді рәсімдеу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жүгінуі керек. БЖЗҚ өтінішті зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, eGov жүйесінде телефон нөмірі тіркелген азаматтарға зейнеткерлік жасқа екі ай қалғанда 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарламада қажетті құжаттар мен қайда жүгіну керектігі туралы ақпарат беріледі.

БЖЗҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ қордағы жинақтарын алуға өтініш бермеген азаматтарды жыл сайын анықтайды. Тексеру нәтижесінде төлемдер кей жағдайда проактивті, яғни өтінішсіз түрде тағайындалады.

Ал 2026 жылғы наурыздан бастап бұл тәртіп ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақтары бар азаматтарға да қолданылады.

Мүгедектікке немесе 50 жасқа толуына байланысты ЕЗЖ есебінен төлем алғысы келетін азаматтар БЖЗҚ бөлімшесіне, қордың жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.