Алматылық әйел ипотека рәсімдей алмады: АХАТ жүйесінда оның атына «екі неке» тіркелген
Алматы тұрғыны ипотека рәсімдеу барысында құжаттарына қатысты күтпеген мәселеге тап болған. Банк тексерісі кезінде АХАТ жүйесінде оның атына екі неке туралы жазба тіркелгені анықталған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алматы тұрғыны ипотека рәсімдеу барысында құжаттарына қатысты күтпеген мәселеге тап болған. Банк тексерісі кезінде АХАТ жүйесінде оның атына екі неке туралы жазба тіркелгені анықталған.
Әйел бұл туралы Threads желісінде бөлісті. Оның сөзінше, ол пәтерді рәсімдеу үшін банкке барып, қажетті құжаттарға қол қойған. Алайда мәмілені аяқтау кезінде жүйеден бір күнде және бір жылда тіркелген екі неке жазбасы шыққан.
«Бір күнде, бір жылда екі неке тіркелген. Алайда бір жазбада тегім дұрыс көрсетілсе, екіншісіндегі құжатта тегімде қателер бар», – деп жазды ол.
Осы жағдайға байланысты банк ипотекалық мәмілені уақытша рәсімдеуден бас тартқан.
Әйелдің жазбасынан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АХАТ ақпараттық жүйесіндегі деректерді тексерді. Нәтижесінде жазбалардың бірі жүйеде тіркелген электронды акт жазбасы, ал екіншісі цифрландырылған жазбаның қайталанған нұсқасы екені анықталды.
Мемлекеттік корпорацияның хабарлауынша, 2013-2017 жылдары Әділет министрлігі 1937-2008 жылдары тіркелген мұрағаттық акт жазбаларын сканерлеп, ақпараттық жүйеге енгізген.
«2013-2017 жылдар аралығында Әділет министрлігі 1937-2008 жылдар аралығында тіркелген мұрағаттық акт жазбаларын сканерлеп, тиісті мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізу арқылы цифрландыру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық жүйені деректермен толықтыру және тестілеу жұмыстарына байланысты аталған акт жазбасы кейін жүйеде қайталанып тіркелген», – делінген хабарламада.
Әйелдің сөзінше, eGov жүйесінде екінші неке туралы ақпарат көрсетілмеген. Екі жазба тек АХАТ қызметкерлері мен банк мамандары құжаттарды тексерген кезде көрінген.
Мемлекеттік корпорация мәліметінше, қате қайталанған жазба жойылады. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматы қаласы бойынша филиалының Әуезов аудандық АХАТ бөлімі 8 қыркүйекте Әділет департаментіне тиісті хат жолдаған.
Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік корпорацияға берілгенін мәлімдеді.