Қазақстандағы банк басшыларының сыйақысы 770 млн теңгеге дейін жеткен
2025 жылы Қазақстандағы кейбір банктердің топ-менеджерлеріне төленген сыйақы көлемі миллиардтаған теңгеге жеткен. Бір басшыға шаққандағы орташа төлем Bank RBK-де 770,1 миллион теңге болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Finprom.kz Қазақстан қор биржасы мен Қаржылық есептілік депозитарийінің мәліметтерін талдаған. Зерттеуде банктердің атқарушы орган мүшелеріне бір жыл ішінде төленген жалпы сыйақы көлемі көрсетілген.
Ең көп сыйақы төлеген банктер
2025 жылдың қорытындысы бойынша топ-менеджерлерге төленген жалпы сыйақы көлемінен Halyk Bank көш бастады. Банк атқарушы органның 10 мүшесіне 4,47 миллиард теңге төлеген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,06 миллиард теңге болған.
Екінші орында Bank RBK тұр. Банктің екі топ-менеджеріне жалпы 3,85 миллиард теңге сыйақы берілген. Бір жыл бұрын бұл сома 3,3 миллиард теңге болған.
Миллиардтан астам сыйақы төлеген банктер қатарында:
ForteBank – 1,86 миллиард теңге;
Еуразиялық банк – 1,69 миллиард теңге;
Home Credit Bank – 1,32 миллиард теңге;
Altyn Bank – 1,28 миллиард теңге.
Бір басшыға қанша төленді?
Банктердегі атқарушы орган мүшелерінің саны әртүрлі болғандықтан, жалпы сыйақы көлемі бір басшының нақты алған сомасын көрсетпейді.
Орташа көрсеткіш бойынша Bank RBK алда. Мұнда бір топ-менеджерге шаққандағы сыйақы 770,1 миллион теңгені құраған.
Halyk Bank-те бұл көрсеткіш 446,5 миллион теңге, Home Credit Bank-те 329,5 миллион теңге болды. Еуразиялық банкте – 241,3 миллион, Bank CenterCredit-те – 243,1 миллион, Altyn Bank-те 212,7 миллион теңге.
Басқа банктердегі көрсеткіш
Бір миллиард теңгеден аз сыйақы төлеген банктердің арасында да айтарлықтай сомалар бар.
2025 жылы Bank CenterCredit төрт топ-менеджеріне 972,3 миллион теңге, Bereke Bank алты басшысына 923,4 миллион теңге, KMF төрт басшысына 833,2 миллион теңге төлеген.
Alatau City Bank-те бұл сома 744,3 миллион теңге, Citibank-те 492,8 миллион, ADCB-де 460,8 миллион, Отбасы банкте 437,7 миллион теңге болды.
Сондай-ақ Shinhan Bank Kazakhstan – 436,7 миллион, VTB – 386,8 миллион, Freedom Bank – 358,2 миллион, Kaspi.kz – 255,1 миллион, KZI Bank – 222,6 миллион, Nurbank – 210,2 миллион, ICBC – 108,2 миллион, Bank of China 100,3 миллион теңге сыйақы төлеген.
Бір топ-менеджерге шаққандағы ең төмен орташа көрсеткіш ICBC-де тіркелді – 21,6 миллион теңге. Bank of China-да – 25,1 миллион, KZI Bank-те – 31,8 миллион, Отбасы банкте 48,6 миллион теңге.
Қай банктерде сыйақы азайды?
2024 жылмен салыстырғанда көптеген банкте топ-менеджерлерге төленген сыйақы өскен. Дегенмен кейбір қаржы ұйымдарында бұл көрсеткіш төмендеген.
Ең үлкен төмендеу ForteBank-те байқалды. 2024 жылы банк басшылығына 3,97 миллиард теңге төленсе, 2025 жылы бұл сома 1,86 миллиард теңгеге дейін азайған.
Altyn Bank-те сыйақы 1,32 миллиардтан 1,28 миллиард теңгеге, KMF-те 1 миллиардтан 833,2 миллион теңгеге төмендеді.
Керісінше, Home Credit Bank-те топ-менеджерлерге төленген жалпы сыйақы 293,3 миллион теңгеден 1,32 миллиард теңгеге дейін өскен. Bereke Bank-те 424,2 миллионнан 923,4 миллион теңгеге, ал Bank CenterCredit-те 572,1 миллионнан 972,3 миллион теңгеге артқан.
Қазір Қазақстанның банк секторында 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның 10-ы – шетелдік банктердің еншілес ұйымдары. Ел бойынша 283 банк филиалы және шетелдік банктердің 19 өкілдігі бар. Қазақстандық банктердің шетелде үш өкілдігі жұмыс істейді.