Президенттің ішкі саясат мәселелері жөніндегі көмекшісі тағайындалды
Эльдар Толғанбаев Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Эльдар Толғанбаев туралы не белгілі?
Бұған дейін бұл қызметті Арман Қырықбаев атқарған. Ол 3 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды.
Ал Эльдар Толғанбаев жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Үкімет аппараты басшысының орынбасары болды.
Толғанбаев 1981 жылғы 29 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен Құнаев атындағы университетті тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Алакөл ауданы мәслихаты аппаратында бастаған. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Премьер-министр кеңсесінде қызмет атқарды.
2012-2016 жылдары Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары болды. Кейін Мәжіліс төрағасының кеңесшісі, «Алматыны дамыту орталығы» басқарма басшысының орынбасары және «Almaty» телерадиокомпаниясының бас директорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылы Президент Әкімшілігіне мемлекеттік инспектор болып ауысты. 2023 жылы бірнеше ай ақпарат вице-министрі қызметін атқарып, кейін Президент Әкімшілігіне қайта оралды.
2024 жылғы ақпаннан бастап Үкімет аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2024 жылы Эльдар Толғанбаев «Құрмет» орденімен марапатталған.