Әлеумет

Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың жалақысы көтеріледі

Қазақстанда мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың еңбекақысын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстанда мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың еңбекақысын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, аталған педагогтердің жалақысы Үкіметтің №11-93 қаулысымен реттеледі. Министрлік бюджет қалыптастыру кезінде бірнеше рет төлемдерді қайта қарау туралы ұсыныс енгізген. Алайда бұл үшін 20 мемлекеттік органның келісімі қажет және Қаржы министрлігінің ұстанымы ескеріледі.

Қазіргі уақытта әлеуметтік педагогтың жалақысы 118 мың теңгені құрайды.

«Әлеуметтік педагог қазір 118 мың теңге алады. Бұл мәселені жақында ғана қарадық. Бұл – жүйелі мәселе. Оның шешімі экономикалық мүмкіндіктерге, яғни қаражаттың болуына байланысты», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр әлеуметтік педагогтардың еңбекақысын көтеру мәселесі ведомство үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, министрлік бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Мектеп психологтарының жалақысы қалай өседі?

Жұлдыз Сүлейменова биыл мектептерде «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілгенін айтты. Сабақты педагог-психологтар жүргізеді.

Министрдің түсіндіруінше, бұл жұмысты атқаратын мамандардың балалармен жұмыс істеу және сыныпта сабақ өткізу тәжірибесі болуы қажет. Психологтардың жүктемесіне қосымша сағаттар енгізілетіндіктен, олардың жалақысы да артады.

Сонымен қатар инклюзия үшін берілетін 18 мың теңгелік қосымша төлемді де көбейту жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, биыл инклюзивті білім берудің стратегиясы қайта қаралып, қосымша төлем көлемін арттыру көзделген. Алайда нақты сома келесі қаржы жылына арналған бюджетті қалыптастыру кезінде, Қаржы министрлігімен келісілгеннен кейін анықталады.