Жұлдыз Сүлейменова жоғары сыныптарда БЖБ мен ТЖБ қашан тоқтатылатынын айтты
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жоғары сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны кезең-кезеңімен тоқтату жоспары туралы айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы министр Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Журналистер министрден оқушылардың білімін бағалау жүйесіне қатысты жоспарды сұрады. Олардың айтуынша, әр бөлімнен кейін және тоқсан соңында өткізілетін бағалауды ата-аналардың бір бөлігі объективті емес деп санайды.
Қазіргі оқу жылынан бастап БЖБ мен ТЖБ бастауыш сыныптарда өткізілмейді.
«Біз қазір қалыптастырушы бағалаудың рөлін арттырып жатырмыз. Бұл кезде оқушы күн сайын сабаққа келіп, күнделікті жауап береді. ТЖБ тоқсандық бағалау түрі ретінде өткізілмейді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта бұл өзгерістер 5–9 және 10–11 сыныптарға да енгізіледі.
«Қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы Академияда бағалау департаменті құрылды. Олар мұғалімдерге оқушыларды қалай бағалау керектігі, бағалау критерийлері қандай болатыны және марк-схема туралы үлкен аналитикалық материал дайындап жатыр. Бастауыш сыныптар үшін бұл дайындықты біз қазірдің өзінде жасадық. 5–9 сыныптарда ТЖБ-ны тоқтату үшін де осындай талдау жүргізіп, тиісті дайындық жасауымыз қажет. Сондықтан әдістемелік тұрғыдан дайын болғаннан кейін, келесі оқу жылынан бастап кезең-кезеңімен тоқтатамыз деп ойлаймыз», – деді министр.
БЖБ мен ТЖБ қай сыныптарда тоқтатылады?
Жоспарға сәйкес, 2027–2028 оқу жылдары 5–9 сыныптарда ТЖБ-дан бас тарту көзделіп отыр. Ал 2028 жылдан кейін өзгеріс 10–11 сыныптарға да енгізілуі мүмкін.
БЖБ мен ТЖБ орнына не келеді?
Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі бұған дейін де көтерілген. 2026 жылғы тамызда «Ашық НҚА» порталында осы өзгерістерге қатысты қорытынды бұйрық жарияланды.
Оған сәйкес, БЖБ мен ТЖБ орнына қалыптастырушы бағалау, сондай-ақ тақырыптық және қорытынды бақылау қолданылуы мүмкін.