«Бішкек-Арена» стадионының құрылысына қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов «Бішкек-Арена» стадионының құрылысына 386 млн доллар жұмсалғанын мәлімдеді. Ол бұған дейін тараған нысан 60 млн долларға салынды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов «Бішкек-Арена» стадионының құрылысына 386 млн доллар жұмсалғанын мәлімдеді. Ол бұған дейін тараған нысан 60 млн долларға салынды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
Алагозовтың мәліметінше, құрылыс басталған кезде 30–35 мың көрерменге арналған қарапайым стадион салу жоспарланған. Сол уақытта нысанның құны шамамен 60–70 млн доллар болады деп болжанған.
Жоба кейін толық өзгертілген
Кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бастапқы жобаны қайта қарауды тапсырған. Мемлекет басшысы стадионның қырғыздың киіз үйі үлгісінде салынуын, ал кешен ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар, кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары мен балаларға арналған алаңдар болуын көздеген.
Осыған байланысты жоба толық қайта әзірленіп, нысанның жалпы құрылыс аумағы 194 248 шаршы метрге жеткен.
Стадионның сыйымдылығы да бастапқы 30–35 мың орыннан 51 252 көрерменге дейін ұлғайтылған.
Алагозов жобаның кеңеюіне халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу талаптары да әсер еткенін атап өтті. Оның мәліметінше, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін стадион кемінде 50 мың көрерменге арналған болуы керек.
«Бішкек-Арена» қандай?
Стадионның негізгі сипаттамалары:
жер учаскесінің аумағы — шамамен 20 гектар;
құрылыстың жалпы аумағы — 194 248 шаршы метр;
нысанның диаметрі — 280 метр;
биіктігі — 70 метр;
қабат саны — 8;
көрермендерге арналған орын — 51 252;
құрылыстың сметалық құны — 386 млн доллар.
Кешенде сауда және ойын-сауық орындары бар
«Бішкек-Арена» тек спорттық нысан ретінде жобаланбаған. Оның құрамында жалпы аумағы 35 916 шаршы метр болатын сауда орталығы орналасқан.
Кешенде:
48 дүкен;
1 супермаркет;
18 сауда дүңгіршегі;
23 мейрамхана;
11 кафе;
4 кинотеатр залы;
балалар ойын алаңы;
спорт залы;
жалпы аумағы 5 087 шаршы метр террасалар бар.
Жоба авторлары мұндай коммерциялық нысандар стадионды күтіп ұстауға жұмсалатын шығынды азайтып, оның болашақта табыс әкелуіне мүмкіндік береді деп есептейді.
Басқа стадиондармен салыстырылды
Алагозов «Бішкек-Арена» құрылысының құнын әлемнің басқа елдеріндегі ірі стадиондармен салыстырған.
Мәселен, АҚШ-тағы Allegiant Stadium 65 мың көрерменге арналған және құрылысына шамамен 1,9 млрд доллар жұмсалған. Англиядағы Tottenham Hotspur Stadium 62 мың орынға есептелген, оның құны 1,33 млрд долларға жеткен.
Сингапурдағы National Stadium 55 мың көрерменге арналған және шамамен 1,31 млрд долларға салынған. Ресейдегі «Крестовский» стадионының құрылысы шамамен 1,1 млрд долларға бағаланған.
Сондай-ақ Англиядағы Wembley Stadium құрылысына шамамен 1,5 млрд доллар, Австралиядағы Optus Stadium құрылысына шамамен 1,2 млрд доллар жұмсалған.
Қытайдағы Qingdao Youth Football Stadium 50 мың орынға арналған және оның құрылысы шамамен 594 млн долларға түскен. Сенегалдағы Stade du Sénégal де 50 мың көрерменге есептелген, оның құны шамамен 420 млн доллар болған.
Құрылыс құнына қандай факторлар әсер етеді?
Алагозов стадион құрылысының қымбаттауына бірқатар фактор әсер ететінін атап өтті.
Олардың қатарында:
металл бағасының өсуі;
бетон құнының қымбаттауы;
логистикалық шығындар;
жұмыс күші;
инженерлік жүйелер;
VIP және коммерциялық аймақтар;
инфляция;
құрылыс материалдарының тапшылығы бар.
Қырғызстан жағдайында сейсмикалық тұрақтылық талаптары, қар жүктемесі, қысқы температура, жылыту жүйелері және күшейтілген металл конструкциялары сияқты қосымша факторлар да ескерілген.
Стадион құрылысы тексеріледі
Бұған дейін «Бішкек-Арена» 60 млн долларға салынды деген ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты стадион құрылысының нақты шығындарын тексеру үшін арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданған.
Комиссия құрамына Есеп палатасы және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірмек.
Тексеру барысында құрылыс материалдарының толық пайдаланылғаны, жұмысшылардың жалақысы толық төленгені, қаржының мақсатты жұмсалғаны және қаражаттың жымқырылу фактілері бар-жоғы қаралады.
Тексеру нәтижесі кейін қоғамға жария етіледі.
Алагозовтың айтуынша, «Бішкек-Арена» болашақта тек спорттық жарыстарды өткізуге емес, концерттер мен ақылы іс-шараларды ұйымдастыруға да пайдаланылып, өз шығынын өтеуі тиіс. Қазірдің өзінде стадионда ақылы іс-шаралар өткізуге өтінімдер түсе бастаған.