Білім

Қазақстанда мұғалімдер 18:00-ден кейін ата-аналарға жауап бермеуі мүмкін: министр мәлімдеме жасады

Қазақстанда мұғалімдердің ата-аналармен жұмыс уақытынан кейінгі қарым-қатынасына қатысты жаңа тәртіп енгізілуі мүмкін. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің ата-аналар чатындағы хабарламаларға кешкі 18:00-ден кейін жауап беруі міндетті болмауы мүмкін екенін айтты, 

Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен педагогтердің байланысын шектеуді мақсат етіп отырған жоқ. Керісінше, отбасы мен мектеп арасындағы тұрақты әрі конструктивті байланыстың маңызын ведомство түсінеді.

"Ата-аналар чатындағы қарым-қатынас пен педагогтердің жұмыс күні аяқталғаннан кейін ата-аналармен өзара әрекеттесуіне қатысты ұстанымымды түсіндіру маңызды деп санаймын. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен педагогтердің қарым-қатынасына шамадан тыс шектеу енгізуді мақсат етіп отырған жоқ. Керісінше, отбасы мен мектеп арасындағы тұрақты әрі сындарлы байланыстың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Алайда кез келген қарым-қатынас белгілі бір ережелер мен өзара құрметке негізделуі керек", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр қазақстандықтарды мұғалімнің бір күнін елестетіп көруге шақырды. Оның сөзінше, педагог жұмыс уақытында шамамен алты сабақ өткізеді.

"Бұл – алты академиялық сағат. Мұғалім бірнеше сыныппен жұмыс істеп, күн сайын жүздеген баламен тікелей байланыста болады. Әр сабақта педагог барынша жинақы әрі зейінді болуы керек.

Ол жаңа тақырыпты түсіндіреді, тақтада жұмыс істейді, жазады, көрсетеді, сұрақтарға жауап береді, тапсырмалардың орындалуын бақылайды, сыныптағы тәртіпті қадағалайды, тақырыпты түсінбеген оқушыларға көмектеседі. Педагог үнемі қозғалыста болады, көп жағдайда бүкіл сабақты тік тұрып өткізеді. Мұғалімнен әр сабақта бар күшін салу талап етіледі", – деді министр.

Сүлейменова бір сыныпта орта есеппен 25 оқушы бар екенін атап өтті. Осылайша, алты сабақтың өзінде мұғалім шамамен 150 оқушымен тікелей жұмыс істейді.

Министрдің айтуынша, осы жүктемені ескере отырып, педагогтердің жұмыс уақытынан тыс кезде ата-аналармен байланысына қатысты өзара түсіністік пен құрмет қағидаларын сақтау маңызды.

"Олардың әрқайсысын көру, тыңдау, бағалау қажет. Біреуге тақырыпты тағы бір рет түсіндіру керек, біреуге қолдау көрсету, ал енді біріне қосымша тапсырма беру қажет. Сабақтан кейін де жұмыс күні аяқталмайды. Дәптерлерді, бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі күнге дайындалу керек. Ең бастысы, мұғалімнің жұмыс уақыты және жеке уақыты бар екенін есте ұстаған жөн. Егер мұғалімдеріміздің келесі күні балалардың алдына қайтадан күш-жігері мол, зейінді, сабырлы әрі кәсіби маман ретінде келуін қаласақ, педагогтерге демалып, қалпына келуге мүмкіндік беруіміз керек", – деді ведомство басшысы.

Оқу-ағарту министрі ата-аналар чатындағы қарым-қатынасқа қатысты мәселе байланысқа тыйым салу емес, ең алдымен, өзара құрмет мәселесі екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол балаға қатысты шұғыл әрі маңызды жағдайлар туындауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Мұндай жағдайда мұғалім жауап беруге мүмкіндік табатынын айтты.

"Әрине, балаға қатысты шұғыл әрі маңызды мәселелер болатын жағдайлар бар. Мұндай кезде педагог әрдайым жауап беруге мүмкіндік табады. Ата-аналардың басым бөлігі біздің тәртібімізді түсініп, қолдайтынына сенімдімін. Бізге қарым-қатынастың түсінікті ережелерін және ата-аналар чаттарының әділ тәртібін белгілеу маңызды", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осылайша, министрдің сөзінен 18:00-ден кейін ата-аналармен сөйлесуге тыйым салу емес, педагогтердің жеке уақытына құрметпен қарауға мүмкіндік беретін нақты тәртіп қалыптастыру ұсынылып отырғаны байқалады.