Қырғызстан Қазақстанды Көшпенділер ойындарының жеңімпазы деп таныды
Қырғызстан тарапы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды командалық есебін қайта қарап, Қазақстан құрамасын бірінші орынға шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымдастыру комитеті қазақстандық спортшылардың нәтижелерін қайта есептегеннен кейін осындай шешім қабылдаған.
Алагөзов ойындардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Оның сөзінше, әсіресе көк бөрі мен жер улақ жарыстарында Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасында тартысты бәсеке болған.
«Командалық есептегі жалғыз техникалық сәйкессіздік медальдарды санау кезінде туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медальдарын бөлек санау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алды», – деп жазды Аскат Алагөзов.
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы екі елдің спортшылары мен жанкүйерлері арасындағы өзара құрметті де атап өтті. Оның айтуынша, жарыс кезінде көрермендер арасында түсініспеушілік болмаған.
Алагөзов Қырғызстан құрамасының да ойындарда жақсы нәтиже көрсеткенін айтты.
«Медальдар есебі – спорттың бір ғана құрамдас бөлігі. Ал бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара құрмет пен адал бәсеке рухында өткізе алғанымызда. Біз бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алдық», – деді ол.
Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама 74 медаль: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола иеленгенін хабарлаған.
Министрліктің есебінде Қазақстан бірінші, ал 30 алтын медаль алған Қырғызстан екінші орынға орналасқан.