Трамптың кіші ұлы қазақтың шапаны мен тымағын киіп көрді
Қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрақым АҚШ президенті Дональд Трамптың кіші ұлымен бірнеше күн бірге демалған. Осы уақыт ішінде блогер америкалық қонаққа қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін таныстырған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Демалыс кезінде Дастан Мұхамедрақым Трамптың ұлына ұлттық нақыштағы шапан сыйлап, дәстүрлі тымақ кигізген. Осылайша ол қазақтың ұлттық киімдерін таныстырып, мәдениетіміздің ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік алған.
Блогер аталған сәттерді әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен.
Дастан Мұхамедрақымның сөзінше, ол америкалық қонақпен бірге табиғат аясында үш күн демалған. Осы сапар барысында блогер оған қазақтың ұлттық киімдерін сыйлауды ұйғарған.
– Демалыс кезінде оған қазақтың шапанын сыйлап, дәстүрлі тымақ кигізудің сәті түсті! – деп жазды блогер.
Жарияланған кадрлардан Дональд Трамптың кіші ұлының қазақы шапан мен тымақ киіп, суретке түскенін көруге болады.
Трамптың ұлын Қазақстанмен не байланыстырады?
Дональд Трамптың кіші ұлының Қазақстанмен байланысы бұл видеомен ғана шектелмейді. Оның есімі Қарағанды облысындағы вольфрам кен орындарын игеруге бағытталған ірі инвестициялық жобамен байланысты аталып жүр.
Cove Kaz Capital Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарында дайындық жұмыстарын бастаған. Жобаға шамамен 1,1 млрд доллар инвестиция салу жоспарланған.
Кен орындарында не өндіріледі?
Жоба аясында кенді өндіру, байыту және одан дайын вольфрам өнімін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыру көзделген.
Кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты шамамен 12 мың тонна болады деп жоспарланған. Бұл әлемдегі қазіргі вольфрам өндірісінің шамамен 15 пайызына тең.
Жоба жүзеге асса, 1,2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Трамптың ұлдары жобаға қалай қатысты?
2025 жылғы қарашада Cove Capital мен «Тау-Кен Самұрық» кен орындарын бірлесіп игеру жөнінде келісімге келген.
Ал 2026 жылдың көктемінде Financial Times басылымы жобаға Дональд Трамп-кіші мен оның ағасы Эрик Трамптың қосылуы мүмкін екенін жазған.
Кейін Skyline Builders пен Cove Kaz Capital Group мәміле жасалғанын хабарлады. Келісімге сәйкес, Kaz Resources Inc. Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеруге қатысуы тиіс.