Жаңалықтар

Арыста үш адамның өліміне әкелген жол апаты: прокурор мұғалімге 10 жыл жаза сұрады

Түркістан облысының Арыс қаласында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы мектеп мұғалімін 10 жылға бас бостандығынан айыруды және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 6 маусымда Арыста болған. Сот материалдарына сәйкес, көлік үй ауласында отырған адамдарды қағып кеткен. Жол апатынан жүкті әйел мен екі бала қаза тапқан. Тағы бір адам ауыр жарақат алып, екі адам орташа деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Іс бойынша мектеп мұғалімі сот алдында жауап беріп жатыр. Айыптау тарапының мәліметінше, ол жол апаты кезінде көлікті мас күйінде басқарған.

Сот жарыссөзінде прокурор Ақжарқын Оразбай сотталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

«Соттан түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор.

Сонымен бірге мемлекеттік айыптаушы сотталушының 14 жасқа толмаған қызы барын ескеруді сұрады. Осыған байланысты тағайындалған жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды.

Апат салдарынан 30 жастағы Дана Үсімбек пен оның бір жарым жастағы сәбиі ауыр жарақат алған. Ал бес жасар қызы оқиға орнында көз жұмған. Дана Үсімбектің айтуынша, өзінің де, баласының да денсаулығы әлі толық қалпына келмеген.

«Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз. Өзім мүгедек болып қалдым. Менің де, баламның да денсаулығы қайта қалпына келмейді. Марқұм қызымды мектепке жетектеп апаратын жаста оның басына Құран бағыштап, зиратына барып жүрмін», – деді Дана Үсімбек.

Ал сотталушы өз кінәсіне өкініп, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Ол кәмелетке толмаған, мүгедектігі бар қызын өзі тәрбиелеп отырғанын айтып, соттан жазасын жеңілдетуді өтінді.

Іс бойынша сот үкімін 7 қыркүйекте жариялау жоспарланған.