Жаңалықтар

Бір тапсырыс үшін 4,5 млн теңге алып, ізін суытқан: Астанада әлеуметтік желідегі алаяқтар сотталды

Жиһаз дайындауға тапсырыс берген 19 азаматты алдап, 24,6 млн теңгеден астам қаражатты иемденген екі адам сотталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілердің бірі Instagram әлеуметтік желісінен жиһаз дайындау туралы жарнаманы көріп, күдіктілермен келісім жасаған. Үйге барып, қажетті өлшемдерді алғаннан кейін ол 4,5 млн теңгені олардың шотына аударған. Алайда ақша түскеннен кейін екі азамат онымен байланысын үзген.

Кейін олардың әрекетінен 19 адамның зардап шеккені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 24,6 млн теңгеден асқан.

Сотта мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық материалдарды ұсынды.

Сот үкімімен олардың әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олар 10 жыл бойы коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылып, келтірілген залал сотталушылардан өндіріп алынатын болды.

Прокуратура азаматтарға жиһазға тапсырыс беру кезінде сақ болуға шақырды.

«Азаматтарға ақшалай қаражатты қолма-қол немесе жазбаша шарт жасаспай жеке банк картасына аудармауға, төлемді растайтын чек пен құжаттарды талап етуге кеңес береміз. Сондай-ақ шартта жиһаздың өлшемдері мен материалдарын, бағасын, дайындау және орнату мерзімдерін, сондай-ақ мерзімін өткізіп алғаны үшін жауаптылықты нақты көрсету қажет», – деп ескертті прокуратура.