Шоу-Бизнес

Оған енді сенбеймін": Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың Астанадағы концертке қатыспайтынын айтты

Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында КешYou тобының Астанадағы концертіне Мөлдір Әуелбекова шақырылмағанын айтты,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Продюсердің сөзінше, Мөлдір Әуелбекова концертте өнер көрсетпейді. Ал Балжан Бидаштың сахнаға шығатыны әзірге белгісіз. Алагөзова концерт барысында көрермендер үшін тосынсыйлар болатынын атап өтті.

«Мөлдір Әуелбекова концертте болмайды. Оны анық айта аламын. Ал Балжан Бидаш туралы әзірге ештеңе айтпаймын. Бірақ тосынсыйлар болады», – деді продюсер.

Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың бұған дейін одан кешірім сұрағанын да еске алды. Сол кезде екі тарап ренішті ұмытып, қарым-қатынасты қайта бастауға келіскен.

Алайда продюсер қазір Мөлдір Әуелбековаға бұрынғыдай сенбейтінін айтты.

«Бір өзенге екі рет түспейді деп ойлаймын. Мөлдір бір рет келіп, менен кешірім сұрады. Мен “Жарайды, бәрін ұмытайық” дедім. Бірақ екінші рет мұндай қарым-қатынасқа өзім барғым келмейді. Маған енді оның қажеті жоқ. Себебі мен оған сенбеймін. Ол – сену қиын адам», – деді Алагөзова.

Продюсер Баян Алагөзова КешYOU тобы туралы деректі жоба түсіру кезінде бұрынғы қатысушылардың ешқайсысын әдейі шеттетпегенін айтты.

Оның сөзінше, керісінше, топ тарихына қатысы бар барлық өнерпазды жобаға шақыруды тапсырған. Алайда бірқатар шарт қойған.

«“Мынаны шақырмаңдар, ананы шақырыңдар” дегенім жоқ. Керісінше, осы тарихтың бір бөлігі болғандардың бәрін шақырыңдар дедім. Тек қыздар бір-бірімен кездеспесін және болған жағдайды бүкпесіз айтсын деген талабым болды», – деді ол.

Алагөзова деректі фильмдер сериясын концерт қарсаңындағы арнайы стратегияның бір бөлігі ретінде түсіргенін жеткізді.

«20 жылда айтар дүние жиналды. Бұл концерт алдындағы стратегиялық қадам еді. Нәтижесінде өте жақсы жұмыс істеді, билеттер толық сатылды», – деді продюсер.

«Қазір өткеннен ешкімді қайтарғым келмейді»

Продюсер кезінде бірге жұмыс істеген, кейін жолы бөлек кеткен әріптестері туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, адамдардың уақыт өте келе әртүрлі бағытқа кетуі – қалыпты жағдай.

«Бір кезде бірге болдық, кейін жолымыз бөлінді. Дос болдық, кейін араласпай кеттік. Әркім кәсіби тұрғыда өсті. Кейде адамдар бір-бірінен өсіп кетеді. Біз ешқашан ел алдында дауласып, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін дәлелдеуге тырысқан жоқпыз. Тыныш қана екі жаққа кеттік. Қазір өткеннен ешкімді қайтарғым келмейді», – деді Баян Алагөзова.

Мөлдір Әуелбекова концертке қатыспайды

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYOU тобының концертіне қатыспайтынын мәлімдеген еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, концерттің өзісіз де жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін айтқан.

«Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын», – деп жазды ол.

Бұл шешімге Баян Алагөзова реніш білдіріп, оны сатқындық деп бағалаған.

«Мөлдір Әуелбековадан мен дәл осыны 100 пайыз күттім. Ол мені жолдың ортасында тастап кетті. Ол кезде мен барлық процесті бастап қойған едім. Кемінде 200 мың доллар жұмсап қойған едік», – деді продюсер.

Алагөзованың айтуынша, оны әсіресе концертке дайындық жұмыстары жүріп жатқан кезде Әуелбекованың шешім қабылдап, бұл туралы оған жеке хабарламай, бірден көпшілікке жариялағаны ренжіткен.