Рейтингтің көшін Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бастады. Екінші орында – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Үшінші орынға Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Аида Балаева, төртінші орынға «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жайғасты. Бұл төрт әйел қатарынан үшінші жыл рейтингтің жоғарғы сатыларындағы орындарын сақтап отыр.
Бестікті «Sabi» қоры мен Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының негізін қалаған эколог әрі кәсіпкер Әсел Тасмағамбетова түйіндеді.
Рейтингке енген 25 әйелдің 18-і өткен жылғы орнын сақтаған. Олардың 10-ы жоғары көтерілсе, төртеуі төмендеген.
Рейтингке кімдер жаңадан кірді?
Биыл тізімге алғаш рет бес әйел енді. Олардың қатарында:
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова – 8-орын;
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова – 9-орын;
продюсер әрі кәсіпкер Баян Алагөзова – 21-орын;
бизнесмен Гаухар Әбдіқаева – 24-орын;
кәсіпкер Раушан Жақсыбай – 25-орын.
Ал Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова бір үзілістен кейін рейтингке қайта оралып, 19-орынға орналасты.
Бизнес саласының өкілдері басым
Биылғы рейтингте ең көп ұсынылған сала – бизнес. Бұл бағыттан жеті әйел кірген.
Мемлекеттік басқару және қаржы секторларынан бес-бестен қатысушы бар. Сонымен қатар тізімде квазимемлекеттік компания басшылары, құқық қорғаушылар, ғылым және мәдениет саласының өкілдері бар.
Рейтингке енген әйелдердің орташа жасы – 52 жас. Ең жасы – 39 жастағы Әсел Жанасова болса, ең үлкені – 69 жастағы пианист Жәния Әубәкірова.