Танымал тележүргізуші өлім жазасына кесілді: оған қандай айып тағылды?
Мысыр соты танымал тележүргізуші әрі миллиондаған оқырманы бар блогер Сара Халифаны және тағы 11 адамды синтетикалық есірткі таратты деген іс бойынша өлім жазасына кесті. Бұл туралы Ahram Online хабарлады.
Сот үкімі шығарылар алдында елдің Жоғарғы мүфтиінен діни қорытынды сұратылған. Мысырда өлім жазасын тағайындаудың алдында мұндай рәсім міндетті түрде жүргізіледі. Алайда мүфтидің қорытындысы сот үшін ұсынымдық сипатқа ие.
Al Jazeera мәліметінше, 39 жастағы Халифа сот отырысы кезінде жылап, рақымшылық жасауды сұраған.
«Мен өмірімде ешқашан темекі шеккен емеспін. Құдай атымен ант етемін, мен кінәсізбін. Өтінемін, мені тыңдаңыз», — деді ол сотта.
Іс бойынша барлығы 28 адам айыпталған. Олардың тоғызы өмір бойына бас бостандығынан айырылса, жетеуі ақталған. Қалғандары өлім жазасына кесілді.
Сот шешіміне шағымдануға болады. Сонымен қатар іс бойынша айыпталғандардың мүлкі мен банктегі есепшоттарына тыйым салынған.
Сот Халифаның ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін ішінара қаржыландырғанын анықтаған. Сондай-ақ ол екі сыбайласымен кездесіп, «шикізат сатып алу және оны Мысырға жеткізуді» үйлестіру үшін елден бірнеше рет шыққан.
Ahram Online мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері міндеттерін өзара бөліскен. Бірі шикізатты елге әкелуге, екіншісі есірткі өндіруге, ал үшіншісі дайын өнімді таратуға жауапты болған.
Тергеу барысында есірткі заттарын сақтау және өндіру үшін пайдаланылған екі пәтер анықталған. Пәтерлерден 750 келіден астам синтетикалық есірткі және оларды жасауға қолданылған шикізат тәркіленген.
Тергеушілердің мәліметінше, заңсыз қызметті Ирак пен Мысыр азаматтары болған екі адам басқарған.
Прокуратура қылмыстық істі 20 куәгердің айғақтары мен айыпталушылардың заңсыз әрекетін растайтын «техникалық және цифрлық дәлелдерге» сүйеніп сотқа тапсырған. Олардың қатарында хабарламалар, фотосуреттер және бейнежазбалар бар.
Есірткі ісі бойынша үкім шығарылған күні Каир қылмыстық соты Халифаны жеке жүргізушісіне қатысты «жыныстық зорлық-зомбылық» жасады деп те таныған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, журналист әйел жүргізушісіне шабуыл жасап, оның киімін шешіп, болған жағдайды видеоға түсірген. Бұл эпизод бойынша сот оны үш жылға түзеу жұмыстарына жіберу туралы үкім шығарды.
Халифа өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарды.
Тележүргізуші Каирде ұсталған 2025 жылдың сәуірінен бері қамауда отыр.
Сара Халифа несімен танымал болған?
Сара Халифа қылмыс пен қауіпсіздік мәселелеріне арналған «Миссия невыполнима» бағдарламасының жүргізушісі ретінде танымал болған. Бағдарлама жеке меншік Al Mehwar телеарнасында эфирге шыққан.
Журналистикатдан бөлек, Халифаның пластикалық хирургия клиникасы және кештер мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыратын продюсерлік компаниясы болған.
Ол танымал мысырлық футболшы Махмуд Кахрабамен де қысқа уақыт некеде тұрған. Олар 2016 жылдың маусымында ресми түрде шаңырақ көтергенімен, бірнеше айдан кейін екі жаққа кеткен. Ерлі-зайыптылардың баласы болмаған.
Халифа Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасын да белсенді жүргізген. Оның аккаунтына 2,5 миллион адам жазылған. Блогер парақшасында жеке өмірі мен кәсіби қызметіне қатысты жазбалар жариялап отырған.