Денсаулық

Қазақстандықтар COVID белгілеріне шағымдануда: Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде COVID-ке ұқсас белгілері бар аурумен ауырып жатқанын жаза бастады. Олардың қатарында тамақтың ауыруы, жөтел, дәм және иіс сезу қабілетінің жоғалуы бар. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде COVID-ке ұқсас белгілері бар аурумен ауырып жатқанын жаза бастады. Олардың қатарында тамақтың ауыруы, жөтел, дәм және иіс сезу қабілетінің жоғалуы бар. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Алайда дәрігерлер ауруды өз бетінше анықтамауға шақырады. Мамандардың айтуынша, қазір Қазақстанда бірден бірнеше респираторлық вирус таралып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың айтарлықтай өсуі байқалмайды. Қазіргі көрсеткіштер маусымдық деңгейде.

«Қазіргі уақытта халық арасында вирустық инфекциялардың өсуі байқалмайды. Біз фондық немесе маусымдық аурушаңдықты тіркеп отырмыз. Зертханаларымыз анықтаған вирустардың арасында әдеттен тыс немесе белгісіз вирустар жоқ», — деді Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.

Мамандардың айтуынша, қазір халық арасында риновирус, аденовирус, парагрипп және маусымдық коронавирустар таралуда. Сонымен қатар COVID-19 жұқтырған науқастар да анықталып жатыр.

Әзірге мамандар жаңа әрі қауіпті коронавирус штамының пайда болғанын тіркеген жоқ. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде де әдеттен тыс немесе белгісіз вирустар анықталмаған.