Руслан Жақсылықов жаңа қызметке тағайындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қауіпсіздік Кеңесінде тағы қандай кадрлық өзгерістер болды?
Қауіпсіздік Кеңесі аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметіне Нұржан Каджиақбаров тағайындалды.
Геннадий Зуев аппарат басшысының орынбасары болды.
Ал Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының басшысы қызметіне бұған дейін хатшы орынбасары болған Мұрат Баймұқашев тағайындалды.
Руслан Жақсылықов туралы не белгілі?
Руслан Жақсылықов 1966 жылы туған. Ол Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы Әскери академияны және Ресей Қарулы күштері Бас штабы Әскери академиясының академиялық курстарын тәмамдаған.
Әскери мансабын взвод командирі ретінде бастаған. Кейін Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлерінде және Ұлттық ұлан жүйесінде басшылық қызметтер атқарды.
2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2025 жылғы маусымға дейін атқарды.
Оның министрлігі кезінде әскери қызметшілерге қызметтік баспананы жекешелендіру мүмкіндігі беріліп, ынтымақты зейнетақы жүйесі қайта енгізілді. Сондай-ақ коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер қарастырылып, мерзімді әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарына түсу кезінде бірқатар жеңілдіктер берілді.
Сонымен қатар Жақсылықов басқарған кезеңде Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттік, әскери қызметшілердің қаза болуы, суицид жағдайлары және әскерге шақыру тәсілдеріне байланысты сынға ұшырады.
Неге қызметінен кеткен еді?
Жақсылықовтың 2025 жылғы маусымдағы отставкасы қоғамда қызу талқыланған кадрлық шешімдердің бірі болды.
Оның қызметтен кетуіне аз уақыт қалғанда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Батыс Қазақстан облысынан табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының 90 пайыздан астамы Ресейдегі 926-ұшу сынақ орталығы полигонының аумағында жатқанын мәлімдеген.
Үш күннен кейін Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Оның отставкасына қатысты сол кезде түрлі болжам айтылғанымен, қызметтен кетуінің нақты себебі ресми түрде егжей-тегжейлі түсіндірілмеді.
Алайда бұрынғы министр көп ұзамай жаңа қызметке тағайындалды. 2025 жылғы 30 маусымда Руслан Жақсылықов Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары болды.
Енді ол Қауіпсіздік Кеңесі аппараты басшысының орынбасары қызметіне ауысты.