Тоқаев вице-президенттің өкілеттігін айқындады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президенттің өкілеттіктерін айқындайтын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Вице-президент немен айналысады?
Вице-президент Президентке ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша стратегиялық ұсыныстар әзірлей алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен байланыс кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді. Сондай-ақ халықаралық іс-шараларға қатыса алады.
Қандай құрылымдарға жетекшілік етеді?
Вице-президент Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығына жетекшілік етеді.
Сонымен қатар Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жұмысына жетекшілік жасайды.
Оның қарауына мемлекеттік наградалар, азаматтық, мемлекеттік рәміздер, шетелде кадр даярлау, ғылым, әдебиет және өнер салаларындағы мемлекеттік сыйлықтарға қатысты комиссиялар мен кеңестер кіреді. Сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңес те вице-президенттің қарауында болады.
Вице-президенттің қандай құқықтары бар?
Жарлыққа сәйкес, вице-президент өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға өкімдер шығарып, тапсырмалар бере алады.
Ол Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға құқылы.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті құжаттар мен ақпаратты сұрата алады. Президент актілерінің жобаларын әзірлеу және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға да құқығы бар.
Вице-президенттің жұмысын кім қамтамасыз етеді?
Вице-президенттің ұйымдастырушылық, құқықтық және талдамалық қызметін Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.
Жарлықты іске асыру үшін Үкіметке, Президент Әкімшілігіне және Президент Іс басқармасына қажетті шараларды қабылдау тапсырылған.
Вице-президент болып кім тағайындалды?
Еске салайық, 31 тамызда Ерлан Кариннің Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалғаны белгілі болды.
Бұған дейін саясаттанушы Ислам Кураев Ulysmedia.kz сайтына берген пікірінде Қазақстанның алғашқы вице-президенті алдында тұрған міндеттер мен қоғамның одан күтетін үміттеріне тоқталған еді.