СҚО-да ер адам 89 жастағы анасын балталап өлтірген
Солтүстік Қазақстан облысының Благовещенка ауылында 89 жастағы әйел қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, оны 66 жастағы ұлы өлтірген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Көршілердің айтуынша, қарт әйел ұлынан картоп қазуға көмектесуін сұраған. Кейін әйелдің денесі ұлының үйінің ауласынан зорлық белгілерімен табылған. Алдын ала болжам бойынша, өлімге балта себеп болуы мүмкін.
66 жастағы ер адам күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша адам өлтіру фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мен қылмыс жасау себептері анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Әлеуметтік желілерде күдіктінің бұған дейін психологиялық мәселелері болғаны туралы ақпарат тараған. Алайда бұл мәлімет әзірге құқық қорғау органдары тарапынан ресми расталған жоқ.
Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.