Тасымалдау нарығындағы былық: 10 шенеунік жазаланды
Бас көлік прокуратурасы тұрақты облысаралық, қалааралық және ауданішілік жолаушылар тасымалы бағыттарына қызмет көрсету құқығын беру бойынша өткізілген конкурстардың заңдылығын тексерді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Талдау барысында бірқатар өңірде конкурстық рәсімдер кезінде қатысушыларға заңсыз кедергілер жасалғаны, сондай-ақ кейбір тасымалдаушыларға негізсіз артықшылық берілгені анықталды.
Прокуратура мәліметінше, бұл әрекеттер заң талаптары мен адал бәсекелестік қағидаттарының бұзылуына әкелген.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары мен жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшысы бар.
Бір лауазымды тұлғаға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Қалғандарына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.