Филиппинде вице-президентті қамауға алуға ордер берілді
Филиппин соты 4 қыркүйекте елдің вице-президенті Сара Дутерте ұсталуына ордер берді. Оған президент Фердинанд Маркос кішіге және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға қоқан-лоқы жасады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz Associated Press-ке сілтеме жасап.
Әзірге Сара Дутертенің ұсталғаны туралы ақпарат жоқ. Филиппин Ішкі істер министрлігінің басшысы оның адвокаттары қамауға алу туралы ордерді алғанын және кепіл енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл вице-президентке сот процесі кезінде бостандықта қалуға мүмкіндік береді.
Сара Дутерте президент Фердинанд Маркос кішіге, оның жұбайына және бұрынғы Өкілдер палатасының спикері Мартин Ромуальдеске қоқан-лоқы жасады деген үш айып бойынша жауапқа тартылып отыр. Кесон-Сити соты әр айып бойынша 120 мың филиппин песосы көлемінде кепіл белгіледі. Бұл шамамен 874 мың теңге. Үш айып бойынша жалпы сома 360 мың песоға немесе шамамен 2,62 млн теңгеге тең.
Вице-президент тағылған айыптарды жоққа шығарады. Іс оның 2024 жылғы қарашада өткен онлайн баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесіне байланысты қозғалған.
Сол кезде Сара Дутерте президентті, оның әйелін және Мартин Ромуальдесті өлтіруге жалдамалы адаммен келісім жасағанын айтқан. Оның сөзінше, бұл жоспар өзіне қастандық жасалған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс болған.
Кейін ол бұл сөздерін президентке төнген қауіп ретінде емес, өзінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық ретінде айтқанын түсіндірді.
Филиппиннің Ұлттық тергеу бюросы істі зерттеп, 2025 жылғы ақпанда материалдарды қылмыстық іс қозғауды ұсына отырып, Әділет министрлігіне жолдаған. Алайда прокурорлар істі сотқа тек 2026 жылғы 11 тамызда, алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін берген.
Сара Дутерте мен Фердинанд Маркос 2022 жылғы сайлауға саяси одақтас ретінде қатысып, тиісінше вице-президент және президент қызметіне сайланған. Кейін олардың саяси одағы ыдырады.
Бұдан бөлек, Филиппин парламентінде Сара Дутертеге импичмент жариялау мәселесі қаралып жатыр. Мамыр айында Өкілдер палатасы оны импичментке жіберуді қолдады. Оған қоқан-лоқыдан бөлек, мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланды деген айыптар да тағылған.
Шілдеде бұл мәселені Сенат қарауға кірісті. Егер Сара Дутерте кінәлі деп танылса, ол қызметінен шеттетіліп, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл жағдайда ол 2028 жылғы президент сайлауына қатыса алмайды.