Журналист Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынды
3 қыркүйекте Атырау соты жергілікті «Дорожный патруль» порталының журналисті әрі белсендісі Олеся Вертинскаяға екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпас шара тағайындады, деп хабарлайды buginmedia.kz «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Вертинскаяны қалалық прокуратура ғимаратының маңынан полиция қызметкерлері күшпен алып кеткен видео тараған. Кадрларда журналистің қолында жылаған баласы болғаны көрінеді.
Атырау облысының полиция департаменті бұл жағдайды «мәжбүрлеп жеткізу» деп түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, Вертинская куәлік беру үшін бірнеше рет шақырылған. Алайда журналист пен оның қорғаушысы тергеушінің талаптарын орындамағандықтан, оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарылған.
Полиция Вертинскаяны жеткізу кезінде оның қызметкерлердің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ оқиға кезінде полиция жұмысына кедергі келтірді деп танылған өзге адамдардың әрекетіне де құқықтық баға берілетінін хабарлады.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, журналистке қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтары бойынша, яғни «Қасақана денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Айыптаудың нақты мән-жайы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Вертинская кейін босатылғанымен, сол күні сот тергеу органының үйқамақ түріндегі бұлтартпас шара қолдану туралы өтінішін қанағаттандырған. Журналист сот-медициналық сараптамадан өткен.
Бұған дейін Олеся Вертинская Атырау қалалық прокуратурасы мен полиция басқармасының ғимараттары маңында бірнеше рет пикет өткізген. Сондай-ақ оған шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған.
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Вертинскаяға қатысты бұлтартпас шараның қаншалықты негізді екеніне назар аударды. Қордың пікірінше, адамның бостандығын едәуір шектейтін шара нақты тәуекелдерге негізделуі керек. Атап айтқанда, күдіктінің тергеуден жасырынуы, оған кедергі келтіруі немесе заңсыз әрекетін жалғастыруы мүмкін екеніне нақты негіздер болуы қажет.
Қор мәжбүрлеп жеткізу кезінде күш қолдану жағдайға сай болуы және қажетті шектен аспауы тиіс деп санайды.
«Әділ сөз» соттың бұлтартпас шараны таңдау туралы қаулысының көшірмесін алу үшін тиісті органдарға сұрау жолдаған. Сонымен қатар, қылмыстық істің мән-жайы туралы толық ақпарат сұратылған.
Қор ресми жауап алынғаннан кейін жағдайға қосымша құқықтық баға беретінін мәлімдеді.