Жамбыл облысында нәрестесін қоқыс контейнеріне тастап кеткен әйел ұсталды
Жамбыл облысында жаңа туған қызын қоқыс контейнеріне қалдырған әйел ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Оқиға 2 қыркүйекте Қордай ауданындағы Гвардейский гарнизоны аумағында болған. Нәрестені қоқыс контейнерінен тауып алған. Полиция сол күні баланы қалдырған әйелдің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.
Ведомство мәліметінше, әйел өз кінәсін мойындаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Жаңа туған қыз Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.
Бұған дейін полиция нәрестені қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.