Саясат

Құрылтайда журналистердің депутаттармен жұмыс тәртібі өзгереді

Құрылтайда журналистердің депутаттармен және шақырылған Үкімет мүшелерімен коммуникациясы жаңа форматқа көшеді. Бұл туралы Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қалиянбеков мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Енді журналистердің депутаттармен және шақырылған Үкімет мүшелерімен барлық коммуникациясы тек баспасөз орталығында және Құрылтайдың күн тәртібі аясында өтеді. Брифингтер тұрақты түрде ұйымдастырылады, олардың тақырыбы мен қатысушылары алдын ала хабарланады», – деді Болат Қалиянбеков.

Оның айтуынша, баспасөз орталығында журналистерге жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалған. Мұнда Wi-Fi, жұмыс орындары және ілеспе аударма қарастырылған.

«Егер журналистердің Құрылтай күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтары болса, олар Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметіне жүгіне алады. Баспасөз қызметі депутатпен жедел түрде сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі», – деді ол.

Қалиянбековтің сөзінше, жаңа тәртіп Қазақстан заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес келеді. Сонымен қатар Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан болғандықтан, онда өткізу және нысанішілік режим талаптары қолданылады.

«Біз халықаралық тәжірибені де зерделедік. Ұсынылып отырған тәсіл қалыптасқан әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Көптеген парламенттерде журналистердің депутаттармен сұхбаттасуы мен түсірілім жүргізуі арнайы белгіленген алаңдарда ұйымдастырылады», – деп атап өтті Құрылтай аппараты басшысының орынбасары.